Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындалды

Президенттің Жарлығымен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Парламент депутаты болған Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданы Жамбыл кеңшарының экономисті болып бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ облыста банк саласында түрлі басшылық лауазымдар атқырып, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болған.
2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2017 жылғы қазан айынан бастап Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
2021-2023 жылдары Қызылорда облысы Сырдария ауданының әкімі болды.
Ал осы күнге дейін облысты басқарған Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
А. Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



