Басты жаңалықтарСаясат

Облыс әкімін сыйламағандар жиналыста ұйықтап қалды (видео)

Жиналыста қалғып отырған аудандағы шенеуніктер облыс әкімінен оңбай сөз естіді. Атыраудың басшысы Нұрлан Ноғаев Құлсары қаласындағы халықпен кездесуінде мүлгіген мемлекеттік қызметкерлерді осылай бір сілкіп алды. Ал өзге өңірлердегі есеп берулер қалай өтуде? Мәселен, қызылордалықтар өз басшыларына арнап жыр оқып жатса, шымкенттіктер әкімдіктегі шилікті айтып шырылдауда. Әкімдердің арасында мектепте сабақ беріп жүргендері де бар екен. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Әдеттегідей салақұлаш баяндамалардан, әлде жылдағы жаттанды жиыннан жалықты ма, есептік кездесуде мүлгіп отырғандар жетеді. Оны облыс әкімінің өзі де байқап қалыпты. Өңірдегі түйткілді мәселелердің шешілмеуі сіздердің ұйқылы-ояу жүргендеріңізден деп кесіп айтты.

НҰРЛАН НОҒАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ:»Неге жиналып отырмыз. Қандай мәселе бар, не істейміз, сол үшін отырмыз. Айфондарыңызды сөндіріңіздер. Тыңдаңыздар бері қарап. Егер қызық болмаса жүре беріңіздер. Біздің проблемамыздың барлығы осыдан, бір бірімізге көңіл аудармағаннан болып жатыр».

Ал Шымкенттегі жиындарда керісінше, қызылкеңірдек айтыс-тартыс. Қалаға қарасты Абай ауданы әкімінің халық алдындағы есебінде тұрғындар бірқатар кемшілікті шенеуніктердің бетіне айтты. Жыл бойғы уәде орындалмаған. Тіпті, әкімдікке кірудің өзі мұң, қарсы сөйлесең жағаңнан алады екен кейбір орынбасарлар.

«Абайский әкімшіліктің бір жаман жері бар. Біздің көршілер әкімшілікке қабылдауға келген. Бір факт болған. Сіздің орынбасарыңыз Нұрлан Тілеш деген желкесінен ұстап, кабинетінен итеріп шығарып жіберген. Видеоны қосқан кезде охрананы шақырып, далаға шығарып жіберген. Сөзін тыңдамаған. Сенбесеңіз, ол кісі мына жерде тұр. Видеода бар».

Қызылорда облысының Сырдария ауданы әкімінің қорытынды жиынында ине шаншар жер жоқ. Дені, костюм киіп, галстук таққан. Арнайы шақырылған ба деген ой келді. Қараша халықтың қатты риза болғаны сонша, сұрақ-жауап кезінде мәселе көтерген жоқ. Есесіне, әкімге арнап жарысып өлең шығарып келіпті.

«Сіздей-ақ, болсын азамат,
Қуанышты күн жақын,
Тапсырдық сізге аманат.
Көпшілік көріп сезіп тұр,
Делебемде қозып тұр,
6 жыл бойы ауданым,
Басқалардан озып тұр».

Қазір бірқатар аудандар есептік кездесуден құтылып, облыс әкімінің қорытынды жиынына дайындалуда. Жалпы, еліміздегі шенеуніктер бір жылдың ішінде 2 380 сағат, 100 тәулік жиналыста отырады екен. ((Бейнеқор)) Мұндай ақпаратты Президент кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбек есептеп шығыпты. Тіпті, сенбі, жексенбі күндері де біздің мемлекеттік қызметкерлер жиналыстан босамайды екен.

Басқа материалдар

Back to top button