Мақпал Жүнісова Баян Мақсатқызынан үй сұрады

Халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасына белгілі продюсер Баян Мақсатқызынан көмек сұраған видеосын жариялады. Онда әнші композитор, марқұм Арман Дүйсеновтің жарының жағдайына алаңдайтынын айтқан.
Жуырда сұхбат берген композитордың жұбайы Айсұлу ханым Арман Дүйсеновтің қазасы мен оның отбасының жағдайына қатысты біраз шындықты жайып салды. Тіпті қазір үйсіз жүргендерін айтқан. Әлдекімдер Арманның ұлына қарыз бердік деп, тартып алғанға ұқсайды. Президенттен әділдік сұраған композитордың жарының сөзі қоғамда талқыға түсіп жатыр. Ал оның әлеуметтік жағдайынп алаңдаған Мақпал Жүнісова, Баян Мақсатқызына үндеу жасап, Арман Дүйсеновтің отбасына үй алып беруін сұрады.
“Менің сенетін бір адамым бар. Өздеріңізге белгілі Баян Мақсатқызы. Күйеуі миллионер, миллиардер шығар. Қазақ бауырмашыл халықпыз ғой. Арман Дүйсенов Баян Мақсатқызын өте қатты сыйлаған азаматтардың бірі. Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Жолдасы екеуі ақылдасып. Баянның көптеген жобаларына атсалысқан Арман Дүйсенов. Аранжировкасына, Кеш You тобының мықты әндерін жазып берді.
Баянжан, бірдеңе қылып енді бір үй алып беріңіздер. Жарты ақшасын біз жинайық. Мен өзім бере алам. Екі тойға барып, ақшасын сіздерге берейін көмек ретінде. Бірақ қалғандары бере ме, бермей ме, мен айта алмаймын. Сол өтініш болып тұр енді. Өзіңнің бір жағынан жерлесің Арман Дүйсенов. Сондықтан Аллада разы болсын, аруақта разы болсын. Сондықтан бір пәтер алып берсеңіздер, сіздердің абыройларың одан сайын асқақтайды деген ойламын”,- деді Мақпал Жүнісова.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



