Ақтөбе суды үнемдеу ісіне кірісіп кетті

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу мәселелері қаралды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен су үнемдеу бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
📌Облыста барлығы 206 гидротехникалық құрылыс бар, олардың едәуір бөлігі жөндеуді және жаңғыртуды қажет етеді. Соның ішінде 10-ы – республикалық меншікте, 174-і – коммуналдық, 22-сі – жекеменшікке тиесілі. Коммуналдық меншіктегі нысандардың ішінде екі бөгет күрделі жөндеуден өтті, тасқыннан кейін үш бөгет қалпына келтірілді, сондай-ақ екі бөгетке, бір лимандық суару жүйесіне және он төрт қорғаныш бөгетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 2024 жылы 18 қорғаныш бөгет салынды және жөнделді, 1 жағалауды бекіту жұмысы атқарылды.
Исатай Еспағанбетовтың айтуынша, бекітілген Жол картасы мен су үнемдеудің үлгілік жоспары аясында суармалы жерлерде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде 30,2 мың гектардың 27,6 мың гектарында заманауи суару әдістері қолданылады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 44 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі су ресурстарын тиімді пайдалану өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігінің негізгі факторларының бірі екенін айтып өтті.
💭«Суды ұтымды пайдалану – басты міндеттердің бірі. Қолда бар ресурстарды барынша тиімді қолдану, су тапшылығына жол бермеу және судың сапасын бақылау қажет», – деді әкім.
З.Рахмет
ФОТО: Ашық дереккөз






