ҚоғамТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Келес ауданында 50 мың тал-шыбық егілмек

Келес ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер, орталық ұйымдар мен еріктілерден 8 мыңға жуық тұрғын қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, сенбілік жұмыстарына 19 арнайы техника жұмылдырылған. Атқарылған жұмыстар барысында жол бойындағы арамшөптер шабылып, арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Шара қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, сенбілікте көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым нысандарының айналасы ретке келтірілді. Одан бөлек, ағаш көшеттерін күтіп баптау және оларды қоршау жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданда «Жасыл-Желек» коммуналдық мекемесі арқылы 50 600 түп ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде, 25 300 көшет көктем мезгілінде отырғызылып, бүгінде суару және қорғау жұмыстары жүргізілуде.
А.Орынғали




