Сарыағаштағы жазғы лагерь балаларды қабылдауға дайын ба?

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округі, Ташқұлақ елді мекенінде орналасқан «Балдәурен» балаларды жазғы сауықтыру орталығына арнайы барып, ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Өңір басшысы лагерьдің тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық жағдайы, балалардың тамақтануы мен қауіпсіздік шараларын тексерді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Құрылыс алаңында болған аудан әкімі бірқатар ескертулер айтып, білім бөлімі мен мердігерлерге жұмысты сапалы атқаруды, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін қатаң ескертіп, кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды. Оған қоса, аудандық білім бөлімінің басшылығына балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени-спорттық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу және тәрбие жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. “Балдаурен” балаларды сауықтыру лагері осы жылдың 5 маусымынан бастап 18 тамызға дейін 7 ауысымда балаларды
қабылдайтын болады. Бір ауысымның ұзақтығы – 10 күн.
З. Рахмет





