Қазақша түсінбеген ұлттық банк төрағасы қағаздарын шатастырып алды (видео)
Сәрсенбі күні бастан-аяқ мемлекеттік тілде өткен Мәжілістің жалпы отырысында кейбір шенеуніктер қазақша тіл сындырамыз деп сынға қалды. Ұлты басқа болғанымен, ұғымы қазақ Геннадий Шиповскихтің өзі Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың қазақша айтқан жауабына қанағаттанбады. «Жауап бердім ғой» деп ақталған Ақышевқа Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «басқа нәрсені оқып бердің» деп ескерту жасады.
Геннадий Шиповскихтің көлік сақтандыру мәселесін заңмен реттеуді сұраған болатын. Ал экс-депутат, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы өздері дайындап, өздері қабылдаған заңды Үкімет пен Парламент орындауға міндетті дейді. Тіпті, 1989 жылдан бастап «Тіл туралы» заң қабылданғалы бері қыруар қаржы бөлініп, орыс тілді шенеуніктер тегін оқытылып жатқан көрінеді. Бірнеше шақырылымда депутат болып, бірде бір рет қазақша сөйлемеген бұрынғы әріптестерінде сынға алды ол. «Содан бері өздерін де, жұртты де алдап келе жатқан болса өз обалдары өздерінде. Бірақ Елбасы ол кісілерге барлығын ескертті. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлеу керек. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деді. 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының үлкен жиналысыңда Президент қазақстандықтар үш тілді білуінің маңызында атап өтті. Бірақ қазақ тілі үш тілдің бірі емес. Біріншісі, негізгісі, маңыздысы. Себебі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Одан басқа не керек. Осы Парламент қабырғасында бірнеше шақырылымда депутат болып, бірақ бірде бір рет қазақша сөйлемеген қазақ ұлтының өкілдері бар. Мінекей оларға уақыт келді» дейді Оразгүл Асанғазы.
Айта кетейік, апта басында Ақпарат және коммуникациялар министрін қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу, мелмекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты «Парламент пен Үкімет өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізсін» деген тапсырма берген болатын.