Басты жаңалықтарМәдениетТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Рақымжан Қошқарбаевқа 100 жыл!

Атақ даңқ үшін, бас пайдасы үшін емес, от пен оқтың бел ортасында жүріп, ерлік жасап батыр атанған тұлғалар халқымызда жетерлік. Олар адам сенгісіз ерлік жасарда тарихта атым қалсын, деген сияқты пендешілік ойлардың болмағаны рас.

«Ер елдің айнасы», — демекші елімізде білектің күшімен, найзаның ұшымен елін қорғап қалған батыр ата-бабаларымыздың ерлік істері бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Тым арғы ғасырларға бармай-ақ осы ХХ ғасырда болған Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, тарихта аты қалған батыр бабаларымыз қаншама. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», — деп өткен ерлердің есімі еш уақытта ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа жететіні ақиқат. Батыр бабаларымыз жайлы жыр дастандар халық жадында сақталып, осы күнге жетіп қағаздарға түсіріліп, кітап болып шығып жатқаны да қуантады. Ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының:

«Өткен адам болады көзден таса,

Өлді-өшті, оны ешкім ойламаса.

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп, ұмытпаса…

А, Құдай, күнәмді өшір, сауапқа жаз,

Таусылмайды рахматың, не болмайды аз.

Жан кетіп, ағайын, мал қалған кезде,

Өлмес, өшпес дәулетім – осы қағаз [1]…», — деп жазып кеткен жырлары да біраз сыр шертеді, әрі ойландырады және таңқалдырады…

Қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі, Ақтаңдақтар ақиқатын ашып, батыр бабаларымыздың ерліктерін, тарихи нақты деректерге сүйеніп зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттап жеткізу.

Толыққанды зерттеулер жүргізіп, тарихи шындықты ашу үшін, архивтік құжаттардың маңызы өте зор. Архив-тарихтың қайнар бұлағы, халқымыздың мол мұрасы, қымбат қазынасы.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архив (ҚР ОМА) қорларында сақтаудағы қымбат қазыналардың бір бөлігі – бұл жеке тектік құжаттар. Жеке тектік құжаттар: әдебиет, өнер, ақын-жазушылар, Ұлы Отан соғысының батырлары, қоғам мен мемлекет қайраткерлері, ғылым мен халық шаруашылығының барлық салаларында ерекше еңбегімен танылған тұлғалардың өмір жолдарын бейнелейтін құжаттар.

Осындай батыр бабаларымыздың бірі, Берлинді алуға қатысқан, рейхстагқа ту тіккен, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаhарманы», 2364 жеке қор иесі – Рақымжан Қошқарбаев.

Рақымжан Қошқарбаев — 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында, кедей-шаруа жанұясында дүниеге келген. Шешесі Жамал Рақымжан 4-ке келгенде дүние салады. Әкесі Мусин, Қошқарбай баласы 13-ке толғанда жаламен қуғын-сүргінге ұшырайды. Рақымжан әуелі ауылдағы бастауыш мектепті аяқтап, 1937-1941 жылдары Тай-Төбе колхозындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, 8-ші сыныпты аяқтап, жолдама арқылы орталау біліммен қоса мамандық беретін, Балқаш қаласындағы фабрика-завод училищесін тәмамдайды [2].

1941-1942 жылдары Ворошилов атындағы колхозда есепші қызметін атқарады. 1942 жылы небәрі 18 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың тамыз айынан, 1944 жылдың қазан айы аралығында Фрунзе (Бішкек) қаласындағы жаяу-әскер училищесіне оқуға жіберіліп, оны аяқтаған соң лейтенант шенінде Ұлы Отан соғысына аттанады [3]. 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында Польшаны фашистерден азат етуге қатысып, соғыс шеруін Берлинде аяқтайды. Ол 1-ші Белорусс майданының 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирі қызметінде, Берлинді азат етуге қатысып, В.Давыдов тапсырған батальон шабуыл туын, Григорий Булатов екеуі алғашқылардың бірі болып, 360 метр жерді сегіз сағатта жүріп, Рейхстаг қабырғасына ілген болатын. Сөйтіп, ең алдыңғы шепте жатқан 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының капитан В. Давыдовтың басқарған батальоны, 1945 жылы 30 сәуірде алғаш Рейхстагқа Қызыл ту тіккен. Осы ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған [4].

Рақымжан Қошқарбаев өз кітабындағы («Жеңіс жалауы», Алматы 1978): …«Жалау қайда? Жеңіс жалауы! Ол менің қолымда тұр еді. Ал қай жерге тігу керек жалауды? Неғұрлым биігірек жерге бекіте алсақ жарар еді. Әне, үйдің екінші қабатына таяу-астыңғы терезенің бір-екі кірпішін снаряд жұлып түсіріп, кетік болып қалыпты. Әзірге бұған қолайлы жер осы.

Сол тұста таяп бардым да:

  • Гриша, шық менің иығыма, ана бір терезенің жоғарғы жағындағы кетікті көріп тұрсың ба? Жалауды сол жерге бекіт! — дедім де, ағаш сапқа оралған қызыл матаны Булатовқа ұсындым.

Булатов ала бойлы, талдырмаш қана жігіт. Шамасы салмағы да онша ауыр болмаса керек. Қабырғаға жабыса тұрған менің иығыма шықты. Сәлден соң сол жерге бір нәрсе дүңк ете түсті.

  • О, не болды? — дедім тістене. Тістеніп тұрғаным аяғым ұйып бара жатқан сияқты. Жараланғанымды енді сезіп тұрғандаймын.
  • Бір кірпішті түсіріп алдым, — деді Булатов. Содан соң ол: — Жалауды ілдім, жолдас лейтенант! — деп жерге қарғып түсті.

Мен шегіне беріп, жоғары қарадым.

  • Ура! — дедім сыбырлай сөйлеп. — Жеңіс жалауы Рейхстагта! Булатовтың екі езуі екі құлағында. Балаша мәз болып тұр. Ол небәрі 19-ақ жастағы балаң жігіт.

Сол сәтте жел тұрды да, біз тіккен жеңіс жалауын толқындатып, желбірете түсті.

Әлдебір жуан діңгек түбіне отыра кеттік. Екі көзіміз өзіміз тіккен жеңіс жалауында! Ол желмен ойнап желбіреп біздің жауынгерлерді бейне бір шақырып тұрғандай еді. Біз оны қадап сағатымызға қарағанда, уақыт кешкі алты жарым еді. Біраздан кейін ұйып бара жатқан оң санымды сипап көріп едім, дым білінді.

  • Менің аяғыма оқ тисе керек Гриша. Оң жақ санымнан дым білінеді.
  • Пәле, біздің су емес жеріміз жоқ қой, жолдас лейтенант, — деді де пилоткасымен маңдайын сүртіп, күліп жауап берді Булатов. Содан соң ол оң аяғыма қарап: — Тоқтай тұрыңызшы, шынында да, қан білінетін сияқты, — деді Булатов қолма-қол қалтасындағы дәкесі мен йодын алды. — Жараңызды көрсетіңіз,таңып берейін, — деп ыңғайлана бастады.
  • Көрсеткені несі, ана беліңдегі қанжарды ал да, галифені сөгіп жібер.

Гриша менің айтқанымды істеді де жараны көріп:

 

  • Тура сан етіңізді бір-екі сантиметрдей тіліп өтіпті. Сүйегі аман сияқты, — деп йод жаға бастады. Ашытып барады. Тек дәкемен мықтап орап тастағаннан кейін барып, ашығаны да ұйығаны да басыла берді.

Сүйегі аман екенін өзім де жаңа Булатовты иығыма шығарып тұрғанда сенгенмін. Сүйек сау болмаса, әрине ауру аяқпен дардай жігітті көтеріп тұру оңай болмас еді.

  • Өлмесек жасымыз ұзақ болады, бауырым! — дедім Гришаға әзілдеп.
  • Жоқ, жолдас лейтенант! Енді біз өлмейміз.Онсыз да мына үш жүз метр жерден өтіп, рейхстагқа жеткенше екеуміз жүз рет өліп, жүз рет тірілдік емес пе! Сол да жетеді бізге! [5]»…

Шыны керек, 21 жастағы адамның осыншама ерлік жасағаны таңғаларлықтай жағдай.

Батыр бабамыз майдандағы өзге де ерліктері үшін, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «За победу над Германией и Великой Отечественной войне 1941-1945 годов», «20-лет Победы Великой Отечественной войне 1941-1945 годов» және т.б. медальдармен марапатталған. Герман Демократиялық Республикасымен достық қарым-қатынас орнатуда сіңірген еңбегі үшін «ГДР социалистік еңбек озаты», «ГДР және СССР достығы» атты Құрметті күміс медальдары берілген.

 

1965 жылы Рақымжан Қошқарбаев ГДР еңбекшілерінің шақыруымен фашизмді жеңудің 20-жылдығына арналған Берлин қаласында өткен салтанатқа қатысады. Осы салтанатты кеште оның есімі кеме жасайтын екі социалистік бригадаға беріледі.

 

Рақымжан Қошқарбаевқа 1965 жылы Берлин қаласының, 1975 жылы Арқалық, 1980 жылы Целиноград, Балқаш қалаларының Құрметті азаматы атты атақтары берілген.

 

1988 жылы 10 тамызда Р. Қошқарбаев дүниеден озды [6].

 

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа, Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін жоғарғы ерекшелік белгісі, «Халық қаһарманы» атағы берілген [7].

Рақымжан Қошқарбаевтың есімі «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысы тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақ Совет энциклопедиясында», генерал В.М. Шатиловтің «Знамя над Рейхстагом» атты кітабінде және өзге де көптеген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің естеліктерінде аталады. Оның өшпес ерлігі жөнінде қазақтың ақын-жазушылар жазған поэмалар, балладалар, өлеңдер жеке жинақ болып жарық көрген.

 

Алда айтып өткендей, батыр бабалар ұрпақтарының басты міндеттердің бірі, Ақтаңдақтар ақиқатын ашып, батыр бабаларымыздың ерліктерін, тарихи нақты деректерге сүйеніп зерттеу. Олай болса рейхстагқа ең бірінші болып ту тіккен біздің бабамыз екенін дәлелдеу.

Батыр бабамыздың есімі ұмытылмай, ол кісі туралы әлі де талай ғылыми еңбектер мен дастандар, өлең-жырлар жазыла беретіні сөзсіз.

 

Ғалия Меңлібаева,

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері.

Материал  abai.kz сайтынан алынды.

Басқа материалдар

Back to top button