Құқық қорғау органдарындағы тағайындау: жоспардан тыс полиграфологиялық тексеру енгізіледі
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұл құжат Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын іске асыруға және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы оның шешімдерінде анықталған құқықтық ұстанымдарға сәйкес келтіруге, сондай-ақ құқық қорғау, әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар жүйесіндегі кадр мәселелерін реттеу бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
— Атап айтсақ, заң тиісті негізгі ережелер мен новеллаларды қамтыды. Біріншіден, құқық қорғау қызметінде цифрлық рейтинг (бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші) енгізіледі. Құқық қорғау қызметіне кандидаттың цифрлық рейтингі қызметкерлерді іріктеу және құқық қорғау органдарында басшы лауазымдарға ұсыну кезінде ескеріледі. Екіншіден, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңынан құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резерві, құқық қорғау органының кадрлық резерві туралы, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметін бағалау туралы нормалар алынып тасталады. Аталған институттарды жою Мемлекет басшысының Президенттік және кадрлық резервтерді басшылық лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингісіне ауыстыру туралы тапсырмасымен негізделеді. Үшіншіден, қолданыстағы заң бойынша жоспарлы негізде 5 жылда 1 рет жүзеге асырылатын құқық қорғау органында басшы лауазымды атқаратын қызметкерлерді ротациялау мерзімі 3 жылда 1 рет өткізу мерзіміне өзгертіледі, — деді сенатор Мұрат Қадырбек.
Оның айтуынша, қызметкерді құқық қорғау органдарында жоғары тұрған басшылық лауазымға өсіру мәселесін шешу үшін жоспардан тыс аттестаттау және полиграфологиялық зерттеу енгізіледі. Құқық қорғау органының қызметкерін аттестаттаудың міндетті кезеңі ретінде психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізу қосылады.
— Құқық қорғау органы қызметкерін аттестаттау кезеңі ретінде полиграфологиялық зерттеу енгізіледі, ол құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылдау кезіндегі шектеулердің негіздері мен мерзімдері айқындалып, сондай-ақ мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуының негіздері нақтыланып, тұтастай алғанда оларды құқықтық реттеу тетіктері жетілдіріледі, — деді депутат.
Тұтастай алғанда заңның қабылдануы құқық қорғау органдарында кадрлық үрдістерді цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуге, олардағы басшылық лауазымдарды ротациялаудың бірыңғай тәртібін белгілеуге, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың басшы лауазымдарына кандидаттарды іріктеу тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросы халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне сенімділік деңгейін зерттеген болатын.