Абу-дабидегі дау өршіп барады
Астанада атышулы «Абу Даби» кешені құрылысшыларының наразылығы тағы жалғасты. Зәулім ғимаратты салып жатқан азаматтар бір күннің ішінде әй-шайға қарамастан жұмыстан қуылғанын айтып шағымдануда. Оларды далада қалдырған мердігер компаниялар өтемақы да төлемеуі мүмкін екен. Ашынған жұмысшылар «Нұротаннан» бастап, прокуратура мен полицияны жағалап көмек сұрауда. Ал әкімдік болса, бұған дейін ақпарат құралдары жарыса жазып, жұмыстан босатылған құрылысшылардың саны 400 емес, 62 адам. Және олар өздерінің қысқартылатыны жайлы хабарландыру алған дейді. «Еуразия» телеарнасы хабарлады.
Бір-ақ күнде жұмыссыз қалған азаматтар бүгін де жиналып, құзырлы органдардан көмек сұрауда. Өйткені оларды мердігер компания алдын-ала ескертпей қызметтен қуған. Жұмысшылардың сөзінше, басшылары «өз еріктеріңмен кетпесеңдер еңбек кодексімен қудалаймыз» деп те қоқан-лоқы көрсеткен.
МАҚСАТ АХМЕТОВ, ҚҰРЫЛЫСШЫ: «Негізі 51-баппен бе, жұмыстан шығару керек. Бізге өтемақы төленуі керек. Бірақ олар қағаздарын жазып туралып қойған, соған қол қоясың дейді. Мен қоймаймын дедім. Онда сізді статьямен қуамын деді».
Қазір жұмысшылар заң бойынша өздеріне тиесілі өтемақаны талап етіп отыр. Сондай-ақ, бір жалақымен отбасын асырап отырған азаматтар бірде бір шетел азаматы жұмыстан кетпегенін айтады.
МҰХТАР ҚАЛДЫБЕК , ҚҰРЫЛЫСШЫ: «Бір қазақ жігіт 5 үндістің жұмысын істейді. Әр қазаққа үш бастықтан келеді. Бір үндіс бар, бір қазақ, бір араб бар. Қанша адам тұр. Бізге өтемақы берсе болды. Кетеміз».
АМАНГЕЛДІ ҚУАНҒАНҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫСШЫ: «Ауыл аймақтардан келген жігіттер бар. Тек 150 адам ойлаңыз, бір адамның отбасында екі баласымен 4 адам десеңіз 600 адам зардап шегір отыр. Бір айлығын ала алмай».
Кешеден бері дауға айналған мәселеге қатысты еңбек және әлеуметтік қорғау министрі түсініктеме берді. Тамара Дүйсенованың айтуынша, жұмыстан шығарылған 400 емес, 62 адам екен. Министр оларға заң бойынша, жалақымен қатар өтемақының да төленетінін мәлімдеді.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: «Астана қаласының Еңбек инспекторлары жұмыс берушілермен және қызметкерлермен сойлесіп, тағы да бір рет жұмыс берушілерді жұмыс жасаған азаматтарға жұмыстың біткендігі жөніндегі ақпаратты беру керектігі жөнінде, екіншіден бір айлық еңбекақысын компенсация түрінде беруі керек екендігі жөнінде келісімге келді».
Ал жергілікті еңбек инспекциясының мәліметінше, «Абу-Даби Плаза» кешенінің бас мердігері «Арабтек» компаниясы жұмыстың азаюына байланысты құрылысшылар саны қысқаратыны жайлы алдын ала хабарлама берген екен. Дегенмен жұмыссыз қалған азаматтар өтемақсыз қалмас үшін комияссия құрылып, әр жұмыскердің келісімшарттары қаралуда.
ЕРМЕК ОСПАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Арабтар уақытымен біздің субподрядчиктерге ескертіп қойды. 19 қаңтарда жіберді. Осылай-осылай деп. Ал біздің қазақтар айтты ма, айтпады ма білмейміз. Біз оны қазір анықтаймыз. Бізде долевой құрылыс бар, қанша нысандар қалып қойды. Соларға біз әдейі бір мекеме құрдық. Сол мекеме әлгі ғимараттарды салып бітіреді. Қалған жұмысшыларды соған кіргіземіз».
Ермек Оспановтың айтуынша, қазір «Әбу-Даби Плазаның» құрылыс жұмыстарына 4 453 адам жұмылдырылған. Оның 3 288-і келісімшарт бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлер. Ал оның ішіндегі шетелдіктер — 2 428, қазақстандықтар 860 адамды құрайды.
НҰРКЕН ҚАЛИЖАНҰЛЫ, ТІЛШІ: «Жоспар бойынша, «Абу Даби палаза» кешені Орта Азиядағы ең биік ғимарат болуы тиіс тұғын. Құрылысы 2016 жылы аяқталады деген ғимарат әлі пайдалануға берілген жоқ. Ал оның іргетасын көтерген құрылысшыларды қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы далада қалдырмаймыз деп отыр. Осы мәселе үшін құрылған коммисия қай тараптың кінәлі екінін анықтайтын болады».