Қырғызстанда көз жұмған қазақстандық балалар туралы тың мәлімет шықты
Қырғызстанда селден қаза тапқан төрт бала көрші елге аналарымен бірге туыстарына қонаққа барғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеше Ош облысының Ноокат ауданында сел жүріп, салдарынан ауыл тұрғындары мен туристер қаза тапқан еді. Ажал құшқандардың арасында Шығыс Қазақстан облысының балалары да болған.
«Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен бірге туыстарына қонаққа барған. Туристік аймаққа түскен сел кішкентай шығысқазақстандықтардың өмірін қиып, өңір халқы үшін қайғылы жағдайға айналды», — деп мәлімдеді ШҚО әкімдігі.
Бүгін көз жұмған балалардың денелері арнайы бортпен Өскеменге жеткізілді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев қаза тапқандардың туыстарымен кездесті.
Айта кетері, Қазақстан арнайы бортпен Қырғызстанның сел тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына 2,7 тонна азық-түлік жеткізген болатын.