Басты жаңалықтарБілімТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Тұңғыш Қорғаныс министріне тағзым жасады

Еліміздің әскери  саласына елеулі үлес қосқан, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысында да тағылымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жуырда, Ордабасы ауданында С.Нұрмағамбетов атындағы жалпы орта мектебінде батырға арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар, білім ордасының ұжымы  қатысты.

«Бүгін қаншама халық жиналып, Қажымұқан атамыздың ауылы Темірлан елдімекеніндегі мектепте батыр атамыз Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының ескерткішін ашқалы жатырмыз. Батыр атамыз сонау сұрапыл соғыс жылдарында 1943 жылы майданға лейтенант шенінде кіріп, пулемет взводын басқарған. Айналдырған екі жылдың ішінде батальон басқаратын дәрежеге жеткен. 20 жасында Кеңес Одағының батыры атағын,  №1 Халық Қаһарманы атағын алған. Мен әр уақытта қуанышпен еске аламын. Сонау 1991 жылы 15 қарашада Қазақстанда тұңғыш рет Қарулы күштердің қорғаныс комитеті құрылған кезде Алматы қаласындағы  Наурбыз батыр,96 мекен-жайында үшінші қабатта осы кісінің отыратын арнайы бөлмесі болатын. Соған қарама-қарсы бір метр жерде менің кабинетім орналасқан еді. Мен бүкіл қарулы күштердің ұйымдастыру басқармасының бастығы болдым. Міне қандай қызықты кезеңдер. Қазір еліміздің әр аумағында Батыр атамыздың ескерткіштері ашылып жатыр. Бұл өскелең ұрпақ үшін, болашақ жастар үшін маңызы зор дүние. Бойларына батыр аталарының өнегесін сіңіріп, содан тәлім-тәрбие алған ұрпақ болашақта Отан қорғауға әр уақытта дайын болады»,-дейді  Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Серікбай Оңбаев.

Шараға қатысушылар алдымен мектеп ауласындағы Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, арнайы жасалған көрмені тамашалады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері Кеңес Одағының Батыры туралы естеліктер айтып, жасаған ерліктеріне ерекше тоқталса, жастар әскери-патриоттық тақырыпта өнерлерін паш етті.

«Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткішін ашып, мынау жүз жылдық еске алуын ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Шын мәнінде ол елдің азаматы. Біздің еліміз үшін тер төккен азамат. Ұлы Отан осғысында, қан майданда жүріп осы барлық күш-жігерін аямай, одан кейін елімізді алғашқы Қорғаныс министрі болған, осындай ел үшін еңбек еткен азамат деп білеміз» деді Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев.

 

А.Нәби

Басқа материалдар

Back to top button