Көлгіновтың жұмысына көріпкел болжам жасады (видео)
Әне-міне, жаңа жыл табалдырығымыздан аттағалы тұр. Үлкендер қазақ үшін ит жылы жайлы болған деседі. Тарих беттерін үңілсек, мешін мен тауық жылында болған тауқымет ит жылында жеңілдей түскен екен. Яғни, келе жатқан жаңа жылда да молшылық пен тыныштыққа үміттіміз. Алдағы жыл несімен қуантады, несімен мұңайтады?
Бақыт Жұматова бұл. Еліміздегі белді көріпкелдің бірі. Келешекті көріп келіпті, сіріңке арқылы. Ол биыл біздің ел экономикалық дағдарыстан шықты, дейді.
БАҚЫТ ЖҰМАТОВА, КӨРІПКЕЛ: «Өсетін қалалар Шымкент, Орал, Батыс Қазақстан жақсы көтеріледі».
Ал, алдағы жылы астаналықтардың арманы орындалып, көптен күткен көгілдір отын келеді. Жақсы сөз жарым ырыс. Бірақ жаңа жылдың жайсыз тұстары да бар. Бізде емес, жаһанда дейді көріпкел. Жақын уақытта әлем жұртына ортақ валюта шығады. Салмақты болжамының себебін былай түсіндірді.
БАҚЫТ ЖҰМАТОВА, КӨРІПКЕЛ: «АҚШ-та соғысты көрдім. Ішінде. Оған Қытай, Ресей, Жапония кіреді. Сауд Арабиясының ішінде соғыс болады. Бірақ біздің Қазақстанға кірмейді».
Келер жылға болжам жасауда сандар да сырымен бөлісті. Нумерология бойынша келер жылы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болмақ. Адамдар үшін адалдықтың символына айналған ит жылында Қазақстан мен ынтымақтастыққа ықыласы бар елдердің қатары көбейеді. Ал, күйбең тіршілікпен көбіне ата-ана, бауыр, туған-туыс ұмыт қалып жатады. Сондықтан ит жылы жақындармен жақындаса түскен жөн.
АНАР АМАН, НУМЕРОЛОГ: «2018 жыл қос бірлікке түсіп тұр. Яғни, ол жұпты білдіреді, сондай-ақ, нәзіктік пен сезімге жақын келеді. Соған сәйкес, қариялар мен балаларға аса көңіл бөлу керек жыл. Тек материалдық жағынан емес, мейрімділік пен жылылық сыйлау жағынан. Олай болмағанда, рухани тоқырауға ұшырауымыз мүмкін. Ал, жалпы бұл жыл маған ұнайды».
Тек көрсеткіштерге қарап қорытынды жасайтын сарапшылар ит жылындағы жағымсыз жаңалықты жасырмады. Барлық затқа баға өсуі ықтимал. Жалақы дейтін жанымызға жақын дүниенің көтерілуіне күмән көп. Өйткені, биыл бізде 3-4 пайыз экономикалық өсім болғанымен, жалақы 4 пайызға керісінше кеміген. Ал, біз тәуелді мұнайдың бағасы қалай болмақ?
ҚАЙЫРБЕК АРЫСТАНБЕКОВ, ЭКОНОМИСТ:»Біздің болжауымыз бойынша, мұнайдың бағасы бәлендей көтерілмейді. Бәлендей түспейді. Шамамен 60-65 доллар көлемінде сақталып отырады».
АЯУЛЫМ МҰРАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: «Халықтың көңілі тоқ, уайымы жоқ болады. Жалақы өседі, қалтамыз қалыңдап, несиеге жоламаймыз. Бәріміздің басымызда баспана болады…..Әрине, мен құмалақшы емеспін. Бірақ армансыз да емеспін. Жаным жақсылықты қалайды. Болжамның бәрі көңілді қуанта қоймағанмен жаңа жыл жайлы болсын!»