1 сәуірден бастап Құлсары тұрғындарының айыппұлы кешіріледі (видео)
Су тасқынына байланысты тұрғындарды көшіру кезінде жылдамдықты асырып, «Сергек» камерасына түсіп қалған көлік жүргізушілерінің айыппұлы 1 сәуірден бастап кешіріледі. Төлемей-ақ қойса болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мәлімдеді.
Төтенше жағдай кезінде Атырау облысына барып, өңір тұрғындарымен кездескен депутатқа батыстағы жұрт жанайқайын жеткізіпті. Соның ішінде көлік жүргізушілері эвакуация кезінде жол ережесін бұзғандарға айыппұл келіп жатқанын айтқан. Баспанасыз қалып қиналып жатқан құлсарылықтардың базынасын билікке жеткізген депутат мәселенің оң шешілгенін әлеуметтік желіге жариялады.
Сондай-ақ, Мақсат Толықбай Атырау өңіріндегі ағайынның басқа да мәселелерін Мәжілістің жалпы отырысында көтеретінін жеткізді.
Депутат қазіргі елдегі ахуалға байланысты әуе билеттерін қымбаттатпауды да назарда ұстап жүргенін айтты.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз