Ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары зерттеу, сараптау жұмыстарын жүргізуде.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған шаралар кесене күмбезінің техникалық жағдайын сараптаудан өткізіп, нысанның құрылыс жағдайына бақылау жүргізу болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалымдар сонымен қатар кесененің мүмкіндігінше таза қалпында сақталуының жолдарын қарастырмақ. Бүгінде аталған институт ғалымдары мен арнайы мамандардан құралған сарапшылар тобы кесене іргетасынан бастап күмбезге дейін сараптау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Ғалымдар мен мамандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс материалдарының жарамдылығы мен төзімділігін, түрлі ішкі және сыртқы әсерлердің салдарынан келген зиянды және жұмыс жүргізілуі тиіс аймақтарды анықтап, өз ұсыныстарын даярлайды. Әзірге анықталғаны кесененің іргетасы берік, өз қалпын мықты сақтап тұр. Бұл бағытта жүргізілген реставрация жұмыстары да өзінің оң нәтижесін берген. Ал, құрылыс ғимаратының қабырғалары мен түрлі бөліктерінің сейсмикаға, өзге де жағдайларға төзімділігін арнайы құрылғылар арқылы анықтау үстіндеміз. Алынған талдамаулардың нақты шешімі Алматы қаласындағы орталықта ғалымдардың басқосуынан кейін қабылданып, нәтижесі белгілі болады. Кесененің құрылыс төзімділігі туралы қазір айту ерте»,- дейді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының өкілі Сырымбек Ержанов.
Айта кетейік, соңғы кезде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күтіп-сақтауға бағытында түрлі шаралар атқарылып келеді. Былтырғы жылы ЮНЕСКО Халықаралық ұйымының мамандары да кесененің құрылыс жағдайына талдау жүргізген болатын. Биыл да әлем мұражайларында мыңнан астам тарихи және мәдени, ежелгі қолданбалы өнер ескерткіштері қалпына келтірілгені белгілі. Ал, «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев бұл жұмыстар әлі де жалғаса беретінін айтады. Алдағы уақытта кесенеге зиянды әсер беретін жер тербелісі, түрлі сілкіністердің көрсеткішін бақылайтын құрылғылар Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты арқылы да бақыланатын болады.