Жазушы Хамза Есенжановтың немересі әйелінің қолынан ажал құшты
Жазушы Хамза Есенжановтың немересі Әділхан Есенжанов әйелінің қолынан ажал құшты. Бұл туралы Sputniknews.kz аймақтық «Мой Город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Оралда 19 қаңтарда болды. Іс материалдарына сүйенсек, ерлі-зайыпты Әділхан мен Әйгерім Есенжановтар арасында қонақтан келген соң жанжал туындаған.
3 шілдеде мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қылмыстық кодекстің 99-бабы («адам өлтіру») бойынша айыпталған 37 жастағы Әйгерім Есенжановаға қатысты үкім шықты. Сот үкімін судья Бақыт Ермаханов жариялады.
«Қонақтан келген соң екеуінің арасында жанжал туындап, Әйгерім Есенжанова күйеуін үйден қуып жіберген. Ертеңіне әйел жұмыстан келген соң күйеуінің үйде екенін көрген. Үйде ерлі-зайыптының екі қызы және Әйгерімнің анасы мен әпкесі болған. Әйел күйеуіне айқайлап, ұра бастаған. Тістеп, ыдыс лақтырған, өлтіретінін айтып қорқытқан», — деді Бақыт Ермаханов.
Судьяның айтуынша, әйелінің бұл әрекетіне марқұм Әділхан Есенжанов сабырлық танытып, ашуын баспақ болады.
«Соған қарамастан, әйел үстел үстінде тұрған екі пышақты алып, біреуімен ер адамның мойнына соққы жасаған. Соққыдан ер адамның күретамыры зақымдалып, оқиға орнында көз жұмды», — деді судья.
Судья осыдан кейін Әйгерім Есенжанованың пышақтарды тастап, жалаңаяқ көшеге жүгіріп шыққанын айтты. Алайда оны полиция қызметкерлері ұстаған.
Сот барысында әйел күйеуін өлтіргісі келмегенін, Есенжанов оны тұншықтырғанын, сол себепті қорғануы қажет болғанын айтты.
«Сотта Әйгерім Есенжанованың қылмысты қасақана жасағаны толық дәлелденді. Заңды өкілінің қатысуымен олардың 16 жастағы қызы әкесінің анасына қол көтермегенін, қорқытпағанын айтты. Басқа да куәгерлер Әділхан Есенжановтың сабырлы, дауды ұнатпайтын, жұмсақ мінезді адам болғанын, ешқашан жауапкершілікке тартылмағанын растады», — деді судья.
Ал куәгерлердің айтуынша, Әйгерім өте пысық әйел болған, алайда соңғы екі жылда ішімдік ішіп, жанжал шығара бастаған.
«Ұстау кезінде де ол қарсылық білдіріп, полиция қызметкерімен төбелесіп, біреуінің киімін жыртты», — деді үкімді оқыған судья.
Сот үкімімен Әйгерім Есенжанова кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Кәмелетке толмаған қыздары Әділхан Есенжанов туыстарының қолында тәрбиеленеді. Олар қамқоршылықты рәсімдеді.