«Бюджет пен банк арасындағы делдал». Депутат Аманжан Жамалов «Даму» қорын сынға алды
Бұл туралы jurnalist.kz хабарлайды. Мәжілістің жалпы отырысында Аманжан Жамалов: «Даму» қоры өзінің қарапайым қызметтерін атқара алмай отыр. Онысымен қоймай мемлекетке қыруар шығын әкелуде», – деді. Депутат карантин уақытында шағын және орта бизнес қызметінің құрдымға кеткенін айта келе, осындай қысылтаяқ шақта бизнес өкілдері «Даму» тарапынан тиіттей де пайда көрмегенін алға тартты.
«Даму» қорының негізгі қызметі – бюджет есебінен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. 2020 жылдың 4 айында «Даму» қоры арқылы барлығы 703 жоба қаржыландырылды. Ал, 2010 жылдан бастап 15,8 мың жобаға 264 млрд теңге жұмсалған. Осы жобалар экономикалық және әлеуметтік пайда әкелді ме өзі? Бұл сұраққа бірнеше жылдан бері жауап жоқ», – деді депутат.
Үкіметке депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен «Даму» қорының дүдамал жұмысына «бюджет пен банк арасындағы делдал» деген баға берді. Жамаловтың дерегінше, қорға жыл сайын қазынадан бөлініп отырған қаржы да аз емес. 770 миллион теңге.
«Мәселен, 2018 жылы қордың шығыны 11,9 млрд теңгені құрады. Ең азы 10 жылдың ішінде субсидиялау процесін автоматтандыра алмады. «Даму» қорында 371 штаттық қызметкері, 20 құрылымдық бөлімшесі мен 18 филиалы бар. Мұның бәрі не үшін қажет сонда?», – деді мәжілісмен.