Жедел-жәрдем дәрігері удай мас күйінде келген
Ғаламтор желісінде сырқаттанып қалған бүлдіршінге алғашқы көмек көрсетуге келген мас дәрігердің видеосы тарап кетті деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Аталған бейнежазбаны бүлдіршіннің әкесі facebook желісіне жүктеген.
«Жедел жәрдем шақыртқан уақытынан бір сағаттан соң кешігіп келді. Дәрігердің тіпті көліктен шығуға шамасы жоқ. Дәрігер, сіз балаға осы жағдайыңызбен келдіңіз бе? Түріңізіге қарадыңыз ба? Сіз балаға шақырту алып келіп отырсыз ғой. Жүргізуші де, дәрігер де көлік ішінде ұйықтап жатыр», — деп ашынды Астана тұрғыны видеодағы жазбада.
Аталған видео әлеуметтік желіде қызу пікір талас тудыруда. Көпшілігі мұндай дәрігерлерді жұмыстан қуу керек екенін айтуда.
Бейнежазба жайлы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. Басшылықтың хабарлауынша, оқиға ағымдағы жылдың 23-ші қазанында таңғы сағат 7.30-да орын алған.
«Жедел жәрдем бригадасының науқас баланың шақыртуына фельдшердің мас күйінде баруына қатысты қызметтік тексеру басталды. Қазіргі таңда қызметкер жұмысынан аластатылды. Бұл жағдай Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында», — деп қысқа қайырды басқарманың баспасөз қызметі.