Бүгін – Қадір түні
Мамыр айының 19-нан 20-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Мың айдан да қайырлы деп саналатын бұл түнді мұсылман жұртшылығы құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізеді.
Жылда мешітке жиналатын жамағат бұл жылы үйлерінде отыруға мәжбүр. Осыған орай ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарға арнайы үндеу жариялаған еді.
«Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы Үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз», – деді бас мүфти онлайн брифинг барысында.