Жаңа білім бағдарламасы қабылданады
Жаңа білім министрі Күләш Шәмшидинова Сағадиевтің емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Оның сөзінше, келесі жылы жаңа білім бағдарламасы қабылданбақ. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
«Біріншіден, әр министр өз реформасын енгізбейді. Жалпы мемлекетімізде білім саясатына қатысты қалыптасқан шаралар бар. Міне, біз осы шараларды енгіземіз. Бірақ, әр министр кейбір мәселелерде асығуы немесе кей мәселелерді тежеуі мүмкін, кейбір мәселелерді өз тұрғысынан қарауы мүмкін», — деді Шәмшидинова үкімет кулуарында.
«Қазақстанның білім бағдарламасы биыл аяқталып, келесі жылға жаңа білім бағдарламасы қабылданады. Бірақ, жаңа білім бағдарламасы аясында үлкен күрделі өзгерістер туралы әңгіме айтылып отырған жоқ. Біз басталған шаруаны өз биігіне шығаруымыз керек», — деді министр.
Ал журналистердің «министрлік Сағадиевтің (бұрынғы білім және ғылым министрі – Sputnik) саясатын жалғастырады деп айта аламыз ба? деген сұрағына: «Біз Сағадиевтің саясатын емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастырамыз», — деп жауап берді.