Президент тапсырмасымен биыл облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады

Бүгін Мемлекет басшысы Ақордада бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Президент отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.
Жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналған. 2023 жылдан бері 200 адам үйлі болды. Биыл Президент тапсырмасымен облыстардағы БАҚ қызметкерлеріне де баспана беріледі.
– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ФОТО: aqorda_resmi







