Түрмеде отырған Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір былығы ашылды

Сотталып кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір былығы әшкере болды. Экс-шенеунік түкірігі жерге түспей тұрған кезде қызметін асыра пайдаланып, осыдан 10 жыл бұрын «Қазақ энциклопедиясы» мекемесін арзанға сатып алып, оны заңсыз меншіктеп алыпты. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінген. Кассациялық сот бұл арызды толық қанағаттандырып, нарықтағы құны 1 млрд 300 млн теңге тұратын нысан мемлекетке қайтарылды.
Еске салайын, 2022 жылы Ұлттық музейдің директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған еді. Оған бюджет қаражатын жымқырды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, пара беруге оқталды деген айыптар тағылды. Осы және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл бас бостандығынан айырылған болатын.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз



