Басты жаңалықтарДенсаулық

Жасотандықтардың басы дауға қалды

Ақтөбеде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, қоршаған ортаны қорғауды үйретеміз деген «Жас отандықтардың» басы дауға қалды. Белсенділер бел шешіп, бір топ оқушыны қоқыс полигонына экскурсияға апарыпты. Алайда, сол шарадан кейін бір мектептің оншақты оқушысы өздерін жайсыз сезінген. Тіпті, кейбірінің бастары айналып, жүректері айнып, лоқсып құсыпты. Салдарынан сабаққа келмей қалған. Ал ата-аналар болса, бар пәле сол қоқысқа барғаннан болды деп отыр. Ал «Жас отандықтар» бұған не дейді?

https://www.youtube.com/watch?v=aIpRXXmNtsw

Бұл видеоның Ақтөбе әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланғанына қарап-ақ, оқушылардың экскурсияға баратындығы жөнінен жауапты мекемелердің барлығы хабардар болғандығын аңғару қиын емес. Алайда, есеп үшін жарияланатын видеожазбада балалардың жағымсыз иістен жүректері айнып тұрғаны анық байқалады. Ал мына видеоны оқушылар өздері түсіріпті.

Видео жарияланғаны сол екен, ата-аналар өре түргелді. Экскурсиядан кейін балаларының денсаулығы сыр бергенін айтыпты. Бастары ауырып, жүректері айнып, мазалары қашқанын жазыпты. Тіпті, кебйрі лоқсып құсқан. Бұған шамданған олар шенеуніктерден мұндай көзбояушылықты қоюларын талап еткен. Алайда, автор аты-жөнін жарияламаған, тек №3 мектептегі бір топ ата-аналардың шағымы екенін жеткізіпті.

ЕЛЕНА ШМЕЛЕВА, №3 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:«Балалар жағымсыз иіс болғанын айтты, бірақ, сырқаттанып тұрмыз деген шағым болған жоқ. Тек үстіміздегі күртемізге иіс сіңіп қалды деді. Бүгін күртесі кеуіп үлгермегендер сабаққа келмеді. Сынып жетекшілері оқушылардың ата-аналарымен сөйлескен».

Қоқыс полигонына «қонаққа» барған жоғары сынып оқушыларының 8-і бүгін сабаққа келмей қалған. Мұны мектеп директорының орынбасары растады. «Біз қызықты экскурсияның соңы осылай аяқталатынын білмедік» деп отыр олар. Кейін педагогтар шағым айтқан ата-аналардан кешірім сұрапты. Ал осы шаруаның басы-қасында жүрген «Жас отандықтар» бұл біздің шарамыз емес деп бастарын алып қашты. Табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілген шара екенін айтты. Оған қаланың 6 мектебінен 150 оқушы қатысыпты.

АСЫЛЖАН БҮРКІТАЛИН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША «ЖАС ОТАН» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Негізгі мақсат- мектеп оқушыларының бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болатын. Тізімін қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып шештік, біз олардан оқушылармен қамтамасыз етуді сұраған болатынбыз. 15-20 мин созылды. Полигонның түбіне кірген жоқ, шетіне кіріп, смотровая площадка деген бар, сол жерден қарап, 2-3 минут, сосын заводта 3-4 минут болды, кейін автобусқа отырып қалаға қайтты».

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:«Оқушылар кеше міне осы қоқыс өңдейтін зауытқа экскурсияға келген. Шынымен, мұнда қолқаны қабатын иіс тұр. Тіпті арнайы маскасыз тыныс алу мүмкін емес».

Зауыт деген аты болмаса, ғимарат ашық-шашық, жан-жағынан жел улеп тұр. Қыбырсыған қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Экскурсия кезінде келушілерге техника қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме, жоқ па, сұрағымыз келген. Алайда, нысанда жүргендер ешқандай ақпарат бере алмайтындарын айтып шығарып салды. Ал басшысы орнында жоқ.

Басқа материалдар

Back to top button