Елімізде азық-түлік бағасы қымбаттады

Бірқатар өңірде баға көтеріліп, тіпті алып-сатарларда алаңдап отыр. Ал Үкімет талапқа сай келмейтін тауарлардың сатылымнан шығарылатынына күмәнданып отыр. Бұл туралы «Еуразия» телеарнасы хабарлады.

Базарда тауар да көп, сәйкесінше сатып алушы да таңдау да сан түрлі. Бастысы қалтасына қарайлап, керек азық-түлігін алады. Бірақ, оның сапасы мен қауіпсіздігіне ешкім жауап бере алмайды.

АРМАН ЕВНИЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  «Біз қазір нарықтағы тауарларды қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қадағалап отырған жоқпыз. Құс еті сатушыға жеткізілгенше бірнеше рет еріп, қайта қатады. Ол қауіпті болғанымен қоймай, қымбатқа түседі. Өйткені салмағын көбейту үшін су құйып қатырады».

Мәселені Үкімет отырысында министрлермен талқылаған Премьер  Бақытжан Сағынтаев  қауіпті азық-түлік жаңа қаптамамен сөрелерге қайта қойылып жатуы да мүмкін, дейді.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қауіпті тауарларды қалай жойып жатқанымызды үнемі көрсетіп отыруымыз қажет. Әйтпесе, акцияны өткіземіз, тауарды жоямыз, сонымен — тоқтайды. Ары қарай не болып жатқанын білмейміз. Айыппұл салынды ма? Нақты қандай шаралар қолға алынды? Сөз жүзінде бәрі жақсы. Мемлекеттік бақылау тауарды қауіпті деп дәлелдесе, ол тауардың қайтып сөреге түспейтінін қадағалау қажет».

Алдағы уақытта тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласында бірыңғай органды белгілеу мәселесі қаралып, Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған міндетті толығымен өзіне жүктеуді сұрап отыр. Одан бөлек, халықты азық-түліктің бағасы алаңдатады. Статистика комитетінің мәліметінше, еліміз бойынша қаңтарда Алматыда  сүт ең қымбатқа сатылса, Шымкентте ең төмен баға қойылған. Ал, Өскеменде қаймақ құны көтерілген. Айран мен ірімшік Астанада қымбат, сүзбе мен күнбағыс майы Атырауда,  ал сары май бағасы Өскеменде өскен.

ГҮЛНАРА ТОҚАБАЕВА, САТУШЫ:«Жем қымбат, шөп қымбат. Сондықтан, ол кісілер де продукциясын қымбат сатуға тырысады да.  Творог былтыр 500-ден алатынбыз, қазір 600-650-ден аламыз. Қаймақты 1100,1200 ден аламыз. Былтыр 1000 теңгеден алатынбыз».

ГҮЛЖАҺАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:«Пенсиямыз көтерілді қуандық. Енді базарға келсек сол пенсия солай шығып кетеді. Жетпейді. Бізде адамбыз. Жегіміз келеді. Кигіміз келеді. Ол киімге вообще қарамайтын болдық. Қарынды ғана толтыратын болдық. Киім киетін ақша жоқ.  — Пенсия қанша алатын едіңіз? – Бұрын 65 алатынмын. Қазір 85 аламын. Ол екеуінің парқысы жоқ қазір».

Базарда тек сүтті тағамдар ғана емес жеміс-жидек пен көкөністердің, еттің де құны өскен.

АЙҒАНЫМ МҰҚАШЕВА, БАЗАРДАҒЫ ЕТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:«Биыл сиырдың бағасы өскен. Былтыр сатып алуымыз 1350-ден алатынбыз. Биыл 1450-ге көтеріліп кетті. Вышак дейді ғой ол 1500 болып кеткен. Алу бағасының өзі. Біз оны  1600-1650-ден сатып жатырмыз».

Бағаның өсуі бар. Ал, оған қандай факторлар әсер етеді?

БАУЫРЖАН ЕРЕШЕВ, ЭКОНОМИСТ: «Азық- түлік бағасының қымбаттауының 2 себебі бар. Біріншіден,  отынның, электр қуатының және  басқа да коммуналдық қызметтердің  бағасының өсуі, сонымен бірге  азық – түлікті шетелден алып жатқанымызды ескерсек, АҚШ валютасының қымбаттауы да әсер етеді».

Мамандардың айтуынша,  бізде азық-түлікті сақтайтын қоймалар аз. Сол себепті азық- түліктің көп түрін шет елдерден импорттауға тура келеді.

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*