Басты жаңалықтарЭкономика

Банктер Президент тапсырмасын пысқырмай ма?

Коммерциялық банктер Президент тапсырмасын пысқырмай ма? «7-20-25» бойынша тұрғын үйге құжат тапсырғандарды өткізбей, банктер өздерінің удай қымбат тұрғын үй жобаларын ұсынуда. Ал мемлекеттік бағдарламаға жауапты «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілдері екінші деңгейлі банктердің несие саясатына араласа алмаймыз деген сыңай танытып отыр.Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

«7-20-25» бағдарламасы жарияланған кезде қатты қуанғандардың бірі Аслан Әбілов. Іске қосылғанын күн санап күтіп, құжаттарын тапсырған кезде 4 банктен тауы шағылыпты. Сылтау көп. Зейнетақы аударымына тірелген, келіншегінің декретке шыққанын желеу еткен. Алайда, коммерциялық банктердің бірі оны «7-20-25» бойынша өткізбей, банктің өз жобасына қатысса, үй ала алатынын мәлімдеген.

АСЛАН ӘБІЛОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Осы күзде банктердің біріне құжат тапсырғанмын. Менің төлем қабілетімді тексеріп шыққан соң, маған «7-20-25″ бағдарламасымен өте алмайтынымды айтты. Бірақ дәл осы табысыммен сол банктің «ипотека лайт» деген бағдарламасына қатысуға мүмкіндігім бар екен. Оның пайызы өте жоғары. Сонда мемлекеттік бағдарламамен 89 мың теңгені төлей алмайды екенмін де, банктің өзінің бағдарламасымен үй алуға табысым жетеді екен».

Дәл осы мәселені 7-20-25 бағдараламасына жауапты ұйымның өкілдеріне де қойдық. Олардың айтынша, әр банктің несие саясаты әр түрлі. Оған араласа алмайды. Тіпті, үйден үміттенгендердің табысын, төлем қабілетін, отбасындағы жан басына шаққандағы күн көріс мөлшерін анықтау тәсілдері де әр түрлі. Өздері би, өздері қожа. Салдарынан, көптеген жанұялар бала санын жасыруға мәжбүр.

ҚАНАТ ӘБДІРАЙЫМОВ – МЕМЛЕКЕТТІК ИПОТЕКАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
» Әр банктің өзінің жеке талаптары болады. Әр банк өзінің несие саясатына сәйкес жеке талаптарын қояды. Сіз айтқан мәселе бойынша бізде статистикалық мәлімет жоқ. Балаларын жасыру туралы».

Қызық. Президент айтқан бағдарламаға жауапты «Баспана» ипотекалық ұйымы бәрінен бейхабар. Банктердің мемлекеттік бағдарамаға кереғар жұмыс істеп жатқанын, үй алуға құжат жинағандардың бала санын жасырып жатқанын, ештеңе білмейді. Журналистер алдына да дайындықсыз келіпті.

ҚАНАТ ӘБДІРАЙЫМОВ – МЕМЛЕКЕТТІК ИПОТЕКАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: «Мысалы орта есеппен айына 150 мың теңге төлеу керек болса, қазір қолымда калькулятор жоқ, нақты айта алмаймын. Онда орта есеппен оның жалақысы 300 мың болу керек».

Мемлекеттік бағдарлама жауапты компания тұрмақ, министрлер кабинетінің өзі көп нәрседен бейхабар. Елбасының алдында вице-премьер Асқар Мамин 7 миллионға Астанадан 50 шаршы метр үй алуға болады деп айды аспанға шығарып еді. Тек Мамин мырза емес, тіпті ұлттық экономика министрінің өзі нарықтағы бағаны білмейді екен.

Ал әлсін-әлсін ел арасына шығып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап келетін депутаттар Елбасының тікелей назарындағы тұрғын үй бағдарламасына қатысты кейбір мәселені қайта қарау керек дегенді айтады.

ЗӘУРЕШ АМАНЖОЛОВА – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Осындай сұрақтар болса, міне депутаттарда қойып жатыр. Мүмкін, банктермен отырып ол іс шараны қарастыруға болады».

Қазіргі дерек бойынша, 7-20-25 бағдарламасы басталғалы 4 831 адам өтініш тапсырып, соның 3 144-тіне ғана ипотека берілген. Әзірге, мемлекттік бағдарламаны жүзеге асыруға жеті коммерциялық банк қатысуда. Бірақ оның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жоқ.

 

Басқа материалдар

Back to top button