104 жастағы қария басшыларға бата берді

Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Ұлы Отан соғысының ардагері 104 жастағы Яхия Тасыровты Амал мерекесімен құттықтап барды.
Аудан басшысы сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгердің өнегелі өміріне тоқталып, құрмет көрсетті.
– Амал мерекесі – халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, татулық пен сыйластықты дәріптейтін тағылымы мол мереке. Осындай мерейлі күні Сіздей елге сыйлы қарияның батасын алып, құрмет көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің сұрапыл соғыста жүріп өткен өмір жолыңыз кейінгі буынға бейбіт өмір сыйлады. Майдан даласында көрсеткен батырлығыңыз бен ел игілігі жолындағы еңбегіңіз – бүгінгі тәуелсіз еліміздің берік негізі. Үлкенге құрмет көрсету, жақсы істерін жастарға үлгі ету – біздің қасиетті парызымыз, – деді Берік Сәрменбаев.
Тағы бір көктемге жетіп, наурызды қарсы алған Яхия Тасыров көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.
Яхия Тасыров – Қызылорда облысында қалған жалғыз соғыс ардагері. Ол 1922 жылы Тереңөзек ауданы, Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберілген. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқан. Данциг портында аяғынан ауыр жараланып, соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г.К.Жуков», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Қызылорда облысының құрметті ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы.
А.Орынғали





