Басты жаңалықтарҚоғам

Қызылордада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана салынады

Мемлекет басшысы қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында өңірде жаңа драма театр және тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана салу туралы айтқан еді.

Президенттің тапсырмасынан соң аймақ басшылығы жаңа нысандарды салу жұмысына кірісіп кетті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бой көтеретін кітапхана мен драма театрдың құрылыс алаңына барды.

«Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.


Заманауи, көпфункционалды кітапхана инвестиялық қаржыға салынбақ. Оның құны  20 млрд  теңге деп есептелініп отыр.

Жоба бойынша ғимараттың аумағы 13 000 шаршы метр, 1 миллионнан астам кітап қорын сақтауға мүмкіндік бар.  Жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсетеді. Каталогтар, заманауи ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамның цифрлық ресурстармен жұмыс істеуіне қолайлы электронды бөлме қарастырылады. Инновациялық бағыттағы медиа-лаб бөлмесі мен подкаст студиясы болады. Бұл бастама – халықтың білімге, мәдениетке және заманауи ақпарат көздеріне қолжетімділігін арттыртын маңызды қадам.

Ал драма театрдың жаңа ғимаратының салынуы – қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын аймақтағы тұрақты көрермендер үшін зор қуаныш, үлкен сый. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр былтыр бір жылдың ішінде төрт бірдей халықаралық фестивальда топ жарды. Материалдық базасы барынша нығайып, мамандардың кәсіби тұрғыда жетілуіне жағдай жасалды, баспанамен қамтамасыз етілді.
Жаңа ғимарат артистердің дайындығына, түрлі сахналық көріністер мен ауқымды декорациялар құруға мүмкіндік береді, кең тынысты дыбыс жүйесі мен соңғы үлгідегі жабдықтар қойылым сапасын арттыра түседі.

А.Орынғали

Басқа материалдар

Back to top button