Басты жаңалықтарМәдениет

Сіз маған жезде емессіз!

Бір кездері «стенный гарнитур» деген мода болды ғой.  Әр үйдің төрінен табылды. Ауылдағы қара шаңырағымызда да осы бір жиһаз үлкен жақтың  (зал) сәнін келтіріп тұратын. Бірақ музейдегі жәдігер сияқты, жақындауға, қол тигізуге болмайды.  «Айғыздайсыңдар» деп бала біткенді жолатпайтын. Сол гарнитурдың бір бөлігінде кітаптар жиналады. Күндердің күні әжем де, әкем де, әкемнің қарындастары да тізілген кітаптардың арасынан ақшыл көк мұқабаны алып, үйге келген қонаққа көрсетеді. Марқайып, мақтанып тұрып парақтайды.

Неше ай, неше жыл өткенін білмеймін. Бір күні үйде ешкім жоқта орындыққа мініп, сол көкшіл кітапты қолыма ұстап көрдім. «Қарлығаш» деген кітап екен. Парақтасам, ішінде жыл сайын жазда келетін Ғайса ақаның суреті тұр. Өмірде көріп жүрген адамның жүзін кітаптан көріп таңғалдым… Ғайса ақаның өлеңдер топтамасы «Қарлығаш» атты  жас ақындардың жинағына енген екен.

Иә, олар көбіне жазда келетін. Әкем он ағайынды. Жыл сайын болмағанымен, екі жылда бір үйде той, құдалық болатын. Соны өткізу үшін әжемнің ұл-қыздары түгел жиналып, осы дүрмектің кезінде бала біткен мәре-сәре болып қалатын едік. Себебі, қаладан келген апа-жезделеріміз киім-кешек, күнге киетін көзілдірік, неше  түрлі  тәттілер  әкеледі…

… 1992 жылдың күзінде әкемнің ең кенже інісі Жарқын ағам әскерге кететін болды. Үйдегі «вечерде» де, автобусқа шығарып саларда да ауыл жастары гитарамен бір әнді айтып қоймайды. Әсіресе,

«Тәтті күндер көздерден бұлбұл ұшып,

Екеуара құпия сырды ұғысып.

Мәңгі айырылып қалардай бірін-бірі,

Жұрт көзінен қысылмай тұрды құшып» деген  қайырмасына келгенде, бәрі қосыла шырқайды. Бірақ ағамыздың жолы болмай, қайтып келді. Келесі жылдың күзінде тағы осы әнді шырқап аттандырдық.  Сөйтсем, бұл әннің сөзін біздің Ғайса ақа жазған екен. «Әскерге шығарып салу» әнінің музыкасын ауылдас ағамыз,  марқұм Қабиболла Әлесов шығарғанын бертін келе білдім.

Әжем ауылда пошташы болды. Үйге көп газет-журнал келеді. Оны тізімдегі фамилия бойынша бума-бума етіп бөлеміз. Үйдегі аға-апаларымыз, келіндер де жағаласып, шетінен парақтап жатады. «Орал өңірінен» Ғайса ақаның мақаласын көрсе, дауыстап оқиды. Кейбір материалдардың соңында Ғ. Ғали деген аты-жөн жүретін. Үйдегілердің біреуі «бұл да  Ғайсаның мақаласы» дейді. Журналистің атын түрлі-түрлі етіп жазуға болады екен ғой деп таңғалып отырамыз.

1996 жылдың жазында бірінші рет Оралға бардым. Әжем, Жеміс деген туысқан апай, сол жылы мектеп бітірген Гүлмира деген жиеніміз бар, төртеуміз тіркесіп рейске шығатын аутобуспен келдік. Сол жазда Ғайса ақаның «Аман бол, Атамекенім!» кітабы шыққан екен. Бесінші қабаттағы пәтерінде күнде қонақ… Марқұм  Серікқали Шарабасовты, газеттен есімдерін ғана оқып жүрген Есенжол Қыстаубаевты, ақын Аманкелді Шахин ағаларымызды,  Дариға Мұштанованы бірінші рет Ғайса ақа мен Тамара апаның үйінде көрдім. 1996 жылдың күзінде Ғайса ақа ауылға келіп «Аман бол, Атамекенімнің!» таныстырылымын жасады. Үйдегілер бәрі қатысты. Мен бара алмадым. Сол күні бұзаулар ұзап кетіпті. Түсте іздеуге шығып, күн батарда бір-ақ келдім. Келсем, үйде қонақ. Шығармашылық кештен шыққандар шай ішіп жатыр екен.  Бара алмағаныма сонда өкіндім. Артынан сол кітапты жастанып оқып, біразын жаттадым.  Ішіндегі табиғатыма, тағдырыма жақын кейбір өлеңдерді қайта-қайта оқитынмын…

Ғайсағали деген толық есімін де  қалаға келгенде естідім. Көзімізді ашқалы үйдегілер Ғайса дейді. Біздер Ғайса ақа дейміз. Ғайса ақа мен Тамара апаға дейін біздің  ағайындардың арасында  гуманитарлық саланың адамы болған жоқ. Негізінен бухгалтер, мал дәрігері секілді мамандық иелері еді. Ал жазу-сызудың, интеллигенцияның көшін осы кісілер бастады. Бауырлардың арасында Тамара апаға қарап ағылшын тілінің мамандары көбейді. Мүмкін, үйінде жатқанда сарқытын іштім бе екен, балдыздардың арасынан бірінші болып журналистикаға мен келдім. Араға уақыт салып, «Жайық Пресс» медиахолдингінде Ғайса ақамен әріптес болдым. Қысқа жазудың қыр-сырын да осы кісінің материалдарына қарап үйрендім. Анау-мынау қатені  қырағы көзі жібермейді.

Ғайса ақа мен Тамара апа — ағайын-тума ішіндегі бас көтерген үлкендеріміздің бірі. Әрі Оралдағы  бас тірейтін алғашқы ұямыз да осы кісілердің баспанасы еді. Әлі күнге дейін қаладағы қара шаңырақ іспеттес. Ағайындардың арасында  олардың қамқорлығын көрмегендері кемде-кем. Әсіресе, маған жасаған шарапаты көп.  Оралдағы №11 мектепке алып келді. Төртінші бала болып үйлерінде тұрдым. Оқуға түсерде де, құжат тапсыруға осы кісілер жүрді. Үйлерінде  жатып емтиханға дайындалдым. Тіпті, үйленген кезде де, өздері құда болып барып, тойымды үйлеріне жасады.

Бір көргенде көп үндемейтін, адамға салқын қарайтын Ғайса ақаның жүрегі жұмсақ. Ақындығы мен журналистикасынан бөлек, үлгі алатын өнегесі көп. Ерінбейді, ешкіммен бәсекелеспейтін қарапайымдылығы бір төбе. Оған дәлел көп. Қоғамдық көлікпен жүре береді. 500 шақырым жердегі Бөкей ордадағы  кез келген ағайынның тойынан қалмай, қыста да, жазда да барады. Көп қабатты үйде тұрғанда қаланың екінші шетінен саяжай алып, бақша салатын. Велосипедпен барып, оны өзі күтіп, баптайды. Спортты серік ететін ерекше қырын қатарластары, әріптестері, ағайын-жұрттың көбі біледі.

«Жақсы жезде әкеңдей» деген жақсы сөз бар ғой. Әкелерінен ерте қалған соң, Тамара апа өзінен кейінгі бауырларына қамқор болды. Сол қамқорлықтың артында «әкенің орнына сүйеніш боламын» деген Ғайса ақаның да азаматтығы, кеңдігі, кісілігі тұр.

Апа-жездеміздің осы бір шарапатына әкеміз тірі  болса да, екінші буын біздер де ілігіп, үлкен тәрбие мектебінен қанаттанып, өмірде жолымызды таптық. Мұның бәрі жезденің емес, жақын адамның жанашырлығы екенін сезініп келеміз. Асқаралы 60 жасқа толған Ғайса ақаға мерейтойында астына ат мінгізе алмасам да, жүректен шыққан жылы сөзімді жеткізгім келді.

Артур   МАҒЗОМОВ,

Астана   қаласы

«Орал өңірі» облыстық газетінен алынды.  oraloniri.kz

Басқа материалдар

Back to top button