Ақтөбелік кәсіпкер қала тұрғындарын қуантты

Тынымбақ қаладағы Қарғалы тұрғын алабында орналасқан №48 және №60 тұрғын үйлердің арасынан ашылды. Аумағы 1.3 гектар демалыс орнын салуға Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Анвар» ЖШС Бас директоры Талғат Салфиков қаржылай қолдай көрсетті.
Тынымбақтың ішінде шағын футбол алаңы, әткеншектер, жайлы орындықтар, балаларға арналған аттракциондар бар. Жаңа нысанның ел игілігіне берілуіне орай өңір басшысы Асхат Шахаров тынымбаққа тал егу рәсіміне қатысты.
Асхат Шахаров мұндай игі істердің қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл жұмыстардың бәрі де ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан ел аман, жұрт тыныш болғай. Мемлекет пен бизнес өкілдерінің ынтымақтастығы – өңірдің дамуының маңызды тетігі. Осындай бастамалар қала келбетіне көрік қосып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналады», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы кәсіпкер Талғат Салфиковке қала инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Тұрғындар да жасалған жағдай үшін ризашылықтарын жеткізді.
А.Орынғали







