Басты жаңалықтар

Қазақ армиясы – Орталық Азиядағы ең үздік армия

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ армиясы — Орталық Азиядағы ең үздік армия – «TRT»

Жаңа жылда әлемдегі ең қуатты армиялардың тізімі жаңартылды.

АҚШ-тың «Global Firepower» әскери статистикалық сайты жасаған рейтингіде Қазақстан армиясы 58-орынға тұрақтады. Тізім бойынша қазақ әскері Орталық Азиядағы ең күшті армия атанды. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. Түркиялық басылымның дерегінше, Қазақстандық әскерилер рейтингіде бес сатыға көтеріліп, әскери қуаттылық рейтингінде 58-орынға орналасты.

2023 жылы Қазақстан армиясы 63-ші орында болатын. Қазақстан армиясының қорғаныс шығындары 7,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Әскери қызметкерлердің жалпы саны 300 мың адамға жетті.

«Тізімде Өзбекстан 65-ші, Қырғызстан 100-ші, Тәжікстан 107-ші орында тұр. Рейтингіде сарапшылар 145 елді әскери бөлімдердің саны, қаржылық жағдай, технологиялық даму, географиялық орналасуы және мобильділік сияқты 60 түрлі фактор бойынша бағалады», — деп жазады түркиялық БАҚ.

Сонымен қатар «TRT»-да «Алматы қаласы ең үздік туристік бағыттар тізіміне енді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

«New York Times» газеті Алматы қаласын ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізген. «The New York Times» биыл, 2024 жылда көруге болатын әлемдегі 52 орынның дәстүрлі тізімін жариялады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарына қарағанда, танымал басылымның нұсқасы бойынша Алматы тізімде 25-орында тұр.

«Алматы Қазақстанның екі миллион халқы бар ең ірі қаласы болса да, тыныш, бірақ белсенді қала әсерін қалдырады. Алматының мәдени орталық ретіндегі мәртебесі оның гастрономиялық тұрмысында айқын көрінеді. Ұн, су және етке негізделген «нео-номадтар» асханасы гипер-заманауи стильде ұсынылады. Көк базардағы жемістер мен жаңғақтарды көріңіз», — деп жазылған «New York Times» мақаласында.

Мақалада Алматының фотосуреті де жарияланған.

Қытай – қазақ астығының ең ірі нарығына айналуы мүмкін – «Халық газеті»

Ресми мәлімет бойынша былтыр Қазақстаннан Қытайға теміржолмен 2 миллион 226 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» қазақстандық «inbusiness.kz»-ке сілтеме жасап хабарлады.

«Салыстырсақ, 2022 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш небәрі 615 мың тоннаны құраған болатын. Бұл – жаңа рекорд саналады. Алдыңғы ең жоғарғы көрсеткіш сонау 2019 жылы тіркелген. Сонда Қытайға 1,2 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізген болатын», — деп жазады қытайлық БАҚ.

Өзбекстан өкілі әлемдегі 100 сәулетші әйелдің қатарына енді – «ӨзА»

Өзбекстандық сәулетші Тахмина Турдиалиева Британ сәулетшілерінің корольдік институты (RIBA) шығарған әлемнің 100 әйел сәулетшісі туралы кітапқа енді.

Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, осы жылдың 23 қаңтарында Лондонда «100 women architects in practice» деп аталатын кітаптың ресми тұсаукесері өтеді. «RIBA» басып шығарған бұл кітап әйелдердің сәулет өнеріне қосқан үлесін заңды түрде мойындап бүкіл әлемдегі әйел сәулетшілердің алуан түрлі және қызықты жұмыстары туралы ақпарат береді.

Британдық басылым Тахмина Турдиалиеваның жобасы Ташкент қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шота Руставели көшесіндегі әкімшілік ғимараты мен заманауи өнер орталығындағы саяжай ауласының көлеңкелі құрылысы туралы мәліметтерді жариялаған.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігінде «Қазақстан мен Өзбекстан 2024 жылға жоспарланған бірлескен іс-шараларды талқылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

«ӨзА»-ның мәліметінше, Өзбекстан СІМ басшысының орынбасары мен Қазақстан Елшісі 2024 жылға жоспарланған бірлескен іс-шаралардың кестесі мен ұйымдастырушылық аспектілерін талқылаған.

Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Рахматулла Нуримбетов Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездескен. Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша елдер арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылаған.

Шыңжаңдық қазақтың мүйізден жасаған мүсініне Қытай халқы таңданып жатыр – «Harajorga»

Шынжаңдық қазақ ұлу жылының келуіне орай айдаһардың мүсінін жасап шықты. Бір ерекшелігі, бұл айдаһардың сыртқы қабыршағы, мұрты, мүйізі сияқты дене бөлшектері мүйізден жасалған, деп жазады «Harajorga». Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, шебер бұл туындысының видеосын өзінің жеке парақшасында жариялаған. Видео әлеуметтік желі қолданушыларының таңданысын тудырған.

Желі оқырмандары «нағыз шебер халық арасында болады» деген секілді пікірлер жазған.

Сонымен қатар, бұл қандасымыздың жануарлардың мүйізінен жасаған дала мәдениетінің салт-дәстүр қимылын бейнелейтін «бұғалықпен ат ұстау» сияқты басқа да көптеген туындылары бар екен.

Тоқтарбек Қытайдың үздік спортшысы тізіміне енді – CNR

Қытайдың Мемлекеттік спорт және дене шынықтыру бас басқармасының кадрлар мекемесі Ханчжоуда өткен ХІХ Азия ойындары және IV Азия пара ойындарындағы үздік топтар мен ең үздік спортшылардың тізімін жариялады. Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.

Мемлекеттік бас басқарманың қойған талаптарына сай Ханчжоуда өткен ХІХ Азия ойындары және IV Азия пара ойындарындағы 96 топ және 144 жеке азамат үздік спортшы тізіміне енді. Сол үздік жеке спортшылардың ішінде Шыңжаңнан екі спортшы таңдап алынған. Оның бірі қандасымыз, қытайлық боксшы – Тоқтарбек Таңатқанұлы.

Атап айтқанда, Шыңжаң өлкелік Дене шынықтыру мекемесі бокс спортын басқару орталығының спортшысы – Тоқтарбек Таңатқанұлы, сондай-ақ Шыңжаң өлкелік дене шынықтыру мекемесі дене шынықтыру №1 командасының спортшысы – Абдухалықжан Мүтәліп.

Алтай жартас сұлба суреттері туралы сұхбат – Janadauir.com

Осы аптада «Janadauir.com» сайтындаМоңғолияның Мәдениет министрлігіне қарасты Моңғол Алтай жартас сұлба суреттерінің кешенді қорық әкімшілігінің директоры тарих ғылымының докторы Өмірбек Биқұмарұлынан алған сұхбат жарияланды.

«Аймағымыздағы тарихи маңызы аса жоғары қайталанбас дүниелердің бірі – Алтай сұлба суреттері мен кісі тастар. Бұл мұралар адам баласының наным-сенімі пайда болып, әртүрлі құрал-саймандар жасап үйренген тұстағы яғни көне дәуірдің қолжазбасы іспетті. Соңғы жылдары адамдардың теріс іс-әрекеттерінің салдарынан бұл жазбалар бүлініп, жойылу процесі жүріле бастады. Сондықтан да арнайы әкімшілік орнап бұл жазбаларды сақтауға мүмкіндік туды. 2023 жылы аталмыш зерттеу кешенінен жарық көрген әлемдік мұра «Цагаан салаа – Бага Ойгарын Хадны Зураг» кітабы ААӨҚ-ның төрағасы Шәріпұлы Қабылдың шешімімен қоғам қайраткері, доктор, профессор Құрметбек Байтазаұлы атындағы сыйлықты жеңіп алды. Осы және өзге де мәселелер туралы аймақтық Моңғол Алтай жартас сұлба суреттері кешенді қорық әкімшілігінің бастығы Өмірбек Биқұмарұлымен сұхбат өрбіттік», — деп жазады моңғолиялық Janadauir.com сайты.

Сұхбатта жартас сұлба суреттеріне қатысты және басқада маңызды сұрақтарға қорық директоры, тарих ғылымының докторы Өмірбек Биқұмарұлы жауап берген.

Қазақстан Ақтау портының астықты тиеу және экспорттау қуаттылығын арттырады – Parstoday

Қазақстан биыл Ақтау портының терминалы арқылы көршілес елдер мен өңірге астық экспортын арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан Ақтау порты терминалы арқылы Иранға астық экспортын арттырады. «Ақ бидай» астық терминалы биыл 400 мың тонна астық өткізуді жоспарлап отыр. Терминалдың өнімділігі сағатына 350 тоннаға дейін. Бұл оның тәулігіне 3000 тоннаға дейін қабылдап, кемелерге 4000 тоннаға дейін астық жібере алатынын білдіреді. Бұл сома өткен жылғы тасымалдау көлемінен 3,2 есеге артық.

«Теһранмен жасалған азық-түлік саласындағы ынтымақтастық келісімі мен құжатына сәйкес, осы терминалдан Иранға небәрі 15 тонна 779 келі бидай, 106 тонна 714 арпа және 3 тонна 348 келі жүгері жөнелтілген. Бұл есепте 2024 жылдың қаңтарына бұл жүк терминалы 18 тонна 800 кг астық тасымалдауға келіскені атап өтілген», — деп жазады «Parstoday».

Қандастарымыз қар мүсіндері халықаралық байқауында жүлделі орынға ие болды – Ukilialtay

Қытайдың Харбин қаласында өткен Қытай — Харбин халықаралық қардан жасалған үздік мүсіндердің байқауында Алтай командасы «Әйел. Өмір» деп аталатын туындысымен 3-орынды еншіледі, деп хабарлайды Қытайдың Ukilialtay ақпараттық порталы.

Бұл байқауға Ресей, Канада, Испания, Оңтүстік Корея, Үндістан және Моңғолия қатарлы 12 елден барлығы 29 команда қатысты. Жүзден астам қардан мүсін жасаушы шебер төрт күндік философиялық концепциялар, ұлттық мәдениет, гуманистік әдет-ғұрып, аймақтық ерекшеліктер және т.б. негізделген көркем шығармашылық қардан жасалған мүсін жұмыстарын ұсынды. Бас жүлдені Оңтүстік Кореядан келген команда жеңіп алды.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қытайдың Харбин халықаралық қар мүсіндері байқауының негізі 1996 жылы қаланған. Бұл – Харбин халықаралық мұз және қар фестивалінің маңызды шараларының бірі. Cонымен қатар әлемдегі ең үлкен және ең ықпалды мұз бен қар мүсіндерінің байқауы болып саналады. Аталған байқау қазірге дейін 26 рет өткізілген.

Байқауға қатысқан Алтай командасы құрамында Юань Вэнью, Жұмажан Бешенұлы, Серік Батың, Бәделхан Жанімхан сияқты төрт адам бар.

Айта кетейік, команданың бас мүсіншісі Жұмажан Бешенұлы Қытайдың Алтай аймағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген кәсіби суретші. Шыңжаң педагогикалық университетінің Бейнелеу өнері институтының бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірген. Шыңжаң және Алтай суретшілер одағының мүшесі.

 

Басқа материалдар

Back to top button