Бекболат Тілеуханның вакцина туралы жанайқайын депутаттар пысқырған жоқ (видео)
Бекболаттың Тілеуханның қоғамда қызу талқыға түскен вакцинаға қатысты ұсыныстары қабылданбады,-деп хабарлайды jurnalist.kz
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті екінші рет талқылап, құжатты мақұлдады. Дауыс беру кезінде қатысып отырған 79 депутаттың 76-сы құжатты жақтап дауыс берді. Екі адам қалыс қалса, біреуі қарсы болды.
Денсаулық туралы жобаға жауапты болған депутат Зәуреш Аманжолова вакцина төңірегіндегі норма түзетулері қызу талқыға түскенін айтты. Жалпы құжатқа 700-ден астам өзгерістер енгізіліпті.
«Нәтижесінде, барлық екпелер міндетті және ерікті болып нақты бөлінеді, ал балалардың балабақшаға баруы осы ұйымдағы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне қарай жүзеге асырылады деген шешім қабылданды», деді Зәуреш Аманжолова.
Зәуреш Аманжолованың сөзінше, екпеге қатысты екі түзету қабылданбаған. Олар — профилактикалық екпелерді жүргізу пунктіндегі «міндетті» сөзін «құқылы» деген сөзге ауыстыру және вакцина жасалмаған балалардың балабақшаға баруын шектейтін норма.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Зәуреш Аманжолова жұмыс тобының отырысында осы мәселе бойынша сөз таластырған болатын.
https://www.youtube.com/watch?time_continue=2&v=yGSWM4ftVes&feature=emb_logo