Басты жаңалықтарСаясат

Қазақ әскерінің бітімгерліктегі рөлі қандай?

«Бітімгерлік қазақтың өзіндік бренді мен имиджінің бір бөлігіне айналды»: Сыртқы саясаттағы басым бағыт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы бірқатар елге ресми және мемлекеттік сапармен барды. Мұның бәрі – сыртқы саясаттағы «асықтарды» орнына қойып, алыс-жақын серіктестермен келелі мәселелерді таразылау. Бұдан бөлек Президент еліміздің бітімгерлік миссиясын да назардан тыс қалдырған емес. Себебі бұл – сыртқы саясаттағы басым бағыттың бірі. Сондықтан Тоқаев президент болғалы бітімгерлік саясатымыздың аясында көп жұмыс атқарылды. Бұл туралы  Kazinform  хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, бірден көршілермен қатынастың маңызын түсіндіргендей – Қытай Халық Республикасына 5 сапар шекті. Алғаш рет 2019 жылғы 10-12 қыркүйекте мемлекеттік сапармен барды. Кейін 2022 жылғы 3-5 ақпанда Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін жұмыс сапары ұйымдастырылды. Үшінші рет 2023 жылғы 17-19 мамырдағы мемлекеттік сапар және «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммитіне қатысты. Содан соң 2023 жылғы 16-18 қазанда ресми сапармен және «Бір белдеу, бір жол» форумына барды. 2024 жылдың 27-29 наурызында Боао Азия форумының 23-ші сессиясына қатысты.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы қыркүйектегі ҚХР-ға алғашқы мемлекеттік сапары барысында екіжақты қатынастар мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында екіжақты қатынастар «жаңа алтын 30 жылдық» дәуіріне көшті.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы қазандағы ҚХР-ға ресми сапары барысында Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) бірлесіп дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қою арқылы ТХКБ-ға ресми түрде қосылды. 2024 жылды екі мемлекет басшылары «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жариялады. 2023 жылдың 10 қарашасында Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында азаматтарды 30 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.

Сонымен қатар, Тоқаев президент болғалы кәрі құрлыққа да назарын салды. Осы уақытқа дейін Еуропа елдеріне (Бельгия, Германия, Франция, Швейцария, Италия, Ватикан) және Еуропалық Одақтың штаб-пәтеріне 8 сапар жасады.

Бұл елдер де ілтипатын жасырмады. Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын дәлелдеп, елімізге мемлекеттік және ресми сапарлармен Германия, Франция, Швейцария, Босния және Герцеговина, Венгрия, Чехия, Нидерланды мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, ЕО басқарушы органдарының, сондай-ақ Ұлыбритания, Польша, Солтүстік Македония Республикасы, Италия, Словакия, Финляндия және т. б. жоғары лауазымды тұлғалары келді. Сондай-ақ, Рим Папасы Францисктің Қазақстанға Апостолдық сапары да маңызды болды.

Бұдан бөлек, «Орталық Азия +» форматында құрылған Орталық Азия елдерінің көшбасшылары мен Еуропалық Кеңес президенті, сондай-ақ Германия Президенті мен канцлері деңгейіндегі диалог алаңдары өңірлік кооперация процестеріне жаңа серпін берді.

Мемлекетіміздің мұндай екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты нығайтудан бөлек, сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі – бітімгерлік миссиясын қолдау. Еліміз үшін бітімгерлік қызмет – халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы саясатымыздың негізі.

Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жалғастыру мақсатында соңғы бес жылда Президент қазақстандық бітімгерлік контингентін БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы, Конго Демократиялық Республикасындағы, Малидегі бітімгерлік миссияларына қосымша жіберу туралы шешім қабылдады (миссия мандаты 2023 жылы аяқталды) және Голан үстіртінде алғаш рет дербес бөлімше ретінде Қазақстан әскері қызметіне кірісті. Жалпы Қарулы күштеріміздің 430-ға жуық әскери қызметшісін түрлі өңірге жіберу жоспарланған.

2019 жылдың 28 мамырында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары Атул Харемен және Жан-Пьер Лакруамен кездесті. Сол кезде Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдайтынын атап өткен.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеттері мен мақсаттарын құрметтейді. Біз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдаймыз. Біз бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі әлем өте құбылмалы болып тұр. Сондықтан, біздің бірлескен қызметіміз жер шарын мейлінше тұрақты әрі қауіпсіз етеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, Қазақстанның әскери қызметшілері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына тұрақты түрде қатысып келеді. Соңғы 20 жылда 600-ден астам қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына барды.

Былтыр желтоқсанда Президент қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдап, БҰҰ аясында жүзеге асырылатын миссияларға қатысу үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті.

2024 жылғы қаңтарда Парламенттің қос палатасы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін жіберу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстанның бітімгерлік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурызында кетті. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етеді.

Айта кетейік, Қазақстан бітімгерлік миссиясын тек БҰҰ ұйымының аясында емес, басқа да елдерде атқарып келеді. Толығырақ мына материалда жазғанбыз.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбеннің айтуынша, Қазақстанның сындарлы әрі салмақты сыртқы саясаты еліміздің ұлттық мүддесін қорғауға, жаһандық және өңірлік саясат субъектісі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, еліміз мемлекетаралық және ішкі саяси үдерістерге бітімші ретінде қатысып, нәтижесі оң болған.

Халыкаралық аренадағы саяси субъектілігіміздің артуы мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге көмектесетіні сөзсіз және бітімгерлік осы саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Егемендігіміз қалпына келгеннен бері Қазақстан бірталай мемлекетаралық және ішкі саяси үдерістерге бітімші, дәнекер ретінде қатысып оң нәтижелерге жеткенін атап өту керек. Оның ішінде Қарабақ мәселесі, Тәжікстандағы азаматтық соғыс, Қырғызстандағы саяси дағдарыс, Иран ядролық бағдарламасы, Сирия мәселесі, Түркия-Ресей кикілжіңі.

Сонымен қатар, еліміздің арнайы дайындалған офицерлері дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі гуманитарлық дағдарыс немесе қақтығыс аймақтарында жүзеге асырылып жатқан БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысты, ал әскери күштеріміз Ирактағы халықаралық бітімгерлерге көмектесіп, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері миссиясының құрамында болған. Осы жылы қазақстандық әскери жасақ тұңғыш рет дербес бітімгерлік күш ретінде БҰҰ-ның Голан жотасындағы миссиясына қатысып жатыр. Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына сәйкес бітімгершілік операцияларға қатысу еліміздің әскери-стратегиялық саладағы негізгі бағыттарына жатады. Осы орайда айта кететін бір жәйт: бейбітшілік миссиялардың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес іске асырылуы – біздің елдің мызғымас ұстанымы, – деді Дәурен Әбен.

Материалымызды ҚСЗИ сарапшысының сөзімен қорытындыласақ… Маманның айтуынша, дипломатиялық немесе әскери бітімгершілік болсын, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда және ол территориялық тұтастығымызды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Осылайша бітімгерлік қазақ елінің өзіндік бренді мен имиджінің бір бөлігіне айналды деп айтуға толықтай негіз бар. Ең бастысы – бітімгерлік саласындағы белсенділік Қазақстанның халықаралық беделін арттырумен қатар біздің геостратегиялық жағдайымызды күшейтеді, сол арқылы еліміздің қауіпсіздігін, егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтың тұтастығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді, – деп түйіндеді сөзін Дәурен Әбен.

ФОТО: Ашық дереккөз

Басқа материалдар

Back to top button