29 жауынгердің ерекше құқығы бар
Арнайы операциялар күштерінің 29 жауынгері алғаш рет күрең қызыл берет кию құқығын иеленді
Шымкенттің «Орда» полигонында Арнайы операциялар күштерінің 29 әскери қызметшісі жауынгерлік даңқтың, батылдық пен абыройдың символы болып табылатын күрең қызыл берет кию құқығына арналған біліктілік сынағынан сүрінбей өтті.
Сынаққа 54 үміткер жіберілді. Олардың барлығы дене шынықтыру нормативтерін тапсырды, психологиялық және теориялық тестілеуден, сондай-ақ медициналық тексеруден өтті.
Сынақ барысында арнайы жасақтар марш жүгіріп, газтұмылдырық кию, залалды аумақпен төрт жүз метр жүріп өту, шартты объектіге жасырын жылжып бару, жаралылардың қанын тоқтату әдісін қолдану және оларды эвакуациялау нормативтерін орындады.
Қарсыласпен атыс жүргізіп жатқанда оқ-дәрілерді жеткізу, таулы және сулы жерлерді жүріп өту эпизодтары да күрделі болды. Бұдан бөлек әскери қызметшілер атыс қаруынан ату дағдылары мен қоян-қолтық ұрыс техникасын көрсетті.
Ерекше көзге түскен жауынгерлерді Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Айдос Мырзахметов құттықтады.
– Бұл Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы алғашқы біліктілік сынағы. Сендер мықты ерік-жігерді, шыдамдылықты және төзімділікті көрсете отырып, осындай күрделі жолмен сыннан өттіңдер. Күрең қызыл берет кию құқығына лайық болу керек. Бүгін аса күрделі тапсырмаларды орындап, кез келген жағдайда әрекет ете отырып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңдер, – деді ол.
Енді мұндай сынақтар жыл сайын өткізілетін болады, бұл аса күрделі міндеттерді орындау үшін Арнайы операциялар күштерінің кәсіби дайындалған әскери қызметшілерінің резервін құруға мүмкіндік береді.
А.Орынғали