Депутат: 30 мыңдай офицер кетіп қалған
Каникулға шықса да, жарғақ құлағы жастыққа тимей өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған депутаттар әр түрлі сала өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен кездесіп жүр. Түркістан облысына барған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Respublica партиясының депутаты Олжас Құспеков әскери құрылымдарды аралап, аймақтағы қорғаныс, ішкі істер министрлігіне қарасты бөлімшелердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Депутат сондай-ақ, Ұлттық ұланның әскери кешенінің жұмысымен, әскери бөлімшелердің жұмысымен танысып, Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жеке құраммен кездесу өткізді.
«Ұлттық Ұланның ғимараты жаңа, бірақ ол Ұлттық Ұланға бейімделмеген. Басқа мақсатта салынған ғимарат. Жалпы, Түркістан облысы бөлек шыққаннан кейін Түркістан қаласында ғимарат тапшылығы бар. Құрылымдар, мекемелер жалдамалы, әртүрлі нысандарда отыр. Арнайы ғимараттар салынуы керек. Оған міндетті түрде ақша бөлінуі керек. Бұл міндетті түрде Ішкі істер министрлігіне жеткізілетін болады. Ішкі әскерге арналған арнайы ғимарат салынуы керек. Өйткені, аймақ өсіп жатыр, халық саны көп. Одан бөлек, әскерилерді, офицерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Жалықысы бар, зейнеткерлікке шыққаннан кейін алатын коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер, жалпы әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері қазіргі уақытта өте өзекті. Офицерлердідң жұмыс ауыстыруы да байқалады. Былтыр отыз мыңға жуық офицер әскери саладан кеткен. 30 мың сала маманының кетуі ол дабыл қағатын мәселе. Бір офицерді дайындауға кемі 20-30 жыл керек. Сондықтан оларды ұстап қалу, жағдай мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе», деді депутат Олжас Құспеков.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз