Қытайлық компания астаналықтарды шошытты (видео)
Елордадағы құрылысы жыр болған LRT-ны салып жатқаны қытайлық мердігер компания қауіпсіздік ережесін сақтамай, тағы да қауіп төндірді. Көлік жүріп жатқан сәтте кранмен құрылыс материалдарын көтеріп, арлы-берлі тасымалдаған. Мұны тұрғындардың бірі байқап, видеосын әлеуметтік желіге жүктеді.
Осы оқиғадан соң қаладағы жолаушы тасымалына жауапты City Transportation System (CTS) мекемесі қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін мердігер компаниядағы құрылысқа жауапты екі басшысының жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді.
Бұл келеңсіз көрініс Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында болған.
Айта кетейік, жуырда, 9 мамыр күні осы LRT-ның құрылыс алаңында кран құлап, көлікті жапыра жаздаған. Тексеріс кезінде мердігер қытайлық компанияның кранды қолдануға рұқсат алмағаны белгілі болды. Бір ай өтпей жатып тағы да қауіпсіздік ережесін сақтамай қала тұрғындарына қауіп төндірді.
А.Нәби