Алдағы қыс пен көктем қандай болмақ?
Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы қыс қатты суық болмақ. Ішкі істер министрлігі осындай болжам жасап отыр. Бұл туралы sputniknews.kz жариялады.
-Ауа райын болжау қызметтерінің мәліметінше, алдағы қыс қатты суық болады деген жорамал бар. Біз осы айтылғандарды негізге ала отырып, қамданыс шараларын күшейтудеміз,- дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.
Әсіресе, желтоқсанда еліміздің солтүстігінде орташа ауа температурасы жылдағыдан төмендейді деген болжам бар. Ал солтүстік-шығыс пен орталық Қазақстанда қыстың бірінші айы жауын-шашынды болмақ. Күннің күрт суытуы да байқалады. Ал ақпанда еліміздің батысы мен солтүстік — батыс бөлігінде салқындық болады.
Қазгидрометтің болжамынша, қыс қатты суық болғанымен көктем ерте келуі ықтимал. Бірақ жауын-шашынды болуы ғажап емес. Ішкі істер вице-министрінің сөзінше, қазір тиісті құрылымдар мен құтқару қызметі техникасы мен керек-жарағын сайлап, аязды-боранды қысқа мұқият дайындалуда.