АЙМАҚБасты жаңалықтарБөкей ордасы ауданыҚоғамОралӨҢІРЛЕР

ОРАЛДА ИСАТАЙ МЕН МАХАМБЕТТІҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Ескерткіштің жалпы биіктігі 13 метр болса, 5 жарым метрлік мүсіндік композиция қоладан құйылған. Ескерткіш Орал қаласына Шаған өзені арқылы кіретін тұсына орнатылды. Бұл туралы zhaikpress.kz хабарлады.

Ескерткіштің ашылуында Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбетті сомдап, көрініс көрсетті. Көптен күткен қуанышпен облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.
-Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі тарихи күн. Міне, елі үшін ер болып туған қос арыс — Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш Ақ Жайық өңірінде, облыс орталығы – Оралда бой көтерді. Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге көп үлесін қосуда. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз.Таяуда ғана өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихтың, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамыздың ортақ парызымыз» екенін атап өтті. Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады, ұрпақ санасына қалдырды. Қазақтың ұлы халық, батыр да айбынды халық екендігін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын алып ескерткіш еңсемізді биіктетіп, рухымызды көтеруге қызмет етері сөзсіз. Сондықтан батыр бабалар рухы бәрімізді әрдайым жебеп жүрсін,- деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада ақын Ақұштап Бақтыгереева мен тарихшы Жаңабек Жақсығалиев сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Айта кетейік, былтыр қос батырға арналған ескерткіштің орнын талқылау үшін зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділерімен кездесу де өтті. Оны қоюға ыңғайлы деген 11 орын зерттелді. Алайда ол орындардың барлығы биіктігі 13 метрлік алып ескерткішке тарлық еткен. Даңқты батырлар Исатай мен Махамбеттің қайсарлығы мен батырлық бейнесін керемет ашқан ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков жасады.

сурет Мейірбек Тажкурановтікі
zhaikpress.kz

Басқа материалдар

Back to top button