Ақобалықтар ашынып отыр (видео)
Батыс Қазақстан облысында тұтас бір ауыл қар құрсауында қалды. Облыс орталығынан 500 шақырымдай қашықтықта жатқан Жәнібек ауданы Ақоба ауылының халқы жол азабын тартуда.
https://youtu.be/bi43aXhGrj8
Жәнібек — Орал бағытындағы күре жолдан Ақобаға баратын 23 км жолды ашитын ауданда бір техника жоқ. Жергілікті биліктен қайран болмаған соң ақобалықтар ауылдан шығатын жалғыз қара жолды қолмен ашуға мәжбүр. Ауыл əкімі Мақсат Жаналиев қарды тазалауға трактордың күші жетпейтінін айтып отыр. Жолды күтіп ұстаумен айналысатын аудан орталығындағы «Қанат» ЖШС-ның техникасы жаңа жыл қарсаңында бой көрсетіп, жолды аршып кетіпті. Бірақ жылдың аяқталуына байланысты аталған серіктестік автожолдарды күтіп-ұстауға байланысты мемлекеттік тапсырысты орындауды аяқтаған.
Жол талғамайды дейтін «Ниваның» өзі жер бауырлап, жүруден қалған. Тракторлерге дейін тұсалған.
Айта кетейік, Ақоба ауылында 200-ден астам үй, 700-ден астам тұрғын бар.
Батыс Қазақстан облысы Жəнібек ауданындағы Ақоба ауылы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Биыл ауыл маңындағы жерасты суын тұшытатын қондырғы орнатылды.
Жарқын Қайырлиев, Жәнібек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– 2018 жылы «Қанат» ЖШС-мен болған келісімшарт мерзімі аяқталды. Жолды күтіп-ұстауға байланысты тендер ойнатылатын лот порталда 6 қаңтар күні ашылады. Мердігерді 2-3 күнде анықтап, келісімшартқа отырған соң, аудан аумағындағы елді мекендердегі қарды тазалауға кіріседі. Ауылда тұрғындар қар аршу жұмысын өз күштерімен ұйымдастыруда. Ақобаға техника жібергелі жатырмыз.
Айгүл Дүйісова, Ақоба ауылының дәрігері:
– Ауылдағы амбулаторияда 735 адам есепке алынған. Қарауымызда «УАЗ» көлігі бар бар. Көлікті пайдаланғанымызға бес жыл болды. Кеше бірақ аудан орталығына жете алмадық. Жолды қар қалың басқан. Ауылда алты адам тұмаумен ауырып жатыр. Басқа да науқастар бар. Ем сұраушыларға әзірше қолдан келген көмегімізді жасап жатырмыз.
Ақлима Қуанғалиева, Ақоба ауылының тұрғыны:
– Ақоба ауылында биылғы жылы қар қалың түсіп, аудан орталығына баратын трассаға жету үшін «23 км» деп аталатын жаңбыр жауса ми батпаққа айналып, қар жауса күртік қар басатын «23 шақырымымыз » ауыл тұрғындарын әбден титықтатып бітті. Ауылымызға көгілдір отын, су келіп қуанғанымыз рас. Бұл халықтың әлгі «Алтын балық» орыс халық ертегісіндегі балықшы шалдың қанағатсыз кемпірінің талап-тілегіндей орынсыз сұрамсақтық емес! Ауылдың әл-ауқатын көтеру барысында жол мәселесі де ең өзектілердің бірі деп есептеймін. Биылғы жауған қар тек біздің ауылға жаумағаны, басқа ауылдар да қардың зардабын шегіп жатқаны анық. Бірақ… Қайталап жауып жатқан қарды аршып, жол салу үшін қажетті қаражат бөлінетіні белгілі. Солай бола тұра, ауыл ішінде халықтың жүріп- тұруына, балалардың мектепке баруына жағдай жасалып, бірде-бір рет жол аршылған емес. Қайда қарасаң да, қар кешіп жүрген адам. Ауылымызда ауырып жатырған адам көп. Медбикелер күртік қарды омбылап, ауылымыздың ана шеті мен мына шетінде жүр. Аудан орталығына ауруларды жеткізу мүмкін болмай жатыр. Кешегі күні, қар тазалау үшін, амалдары таусылған ауыл азаматтары қолдарына күрек ұстап, жолды аршуға кірісті. Өйткені, ауыл адамдарының тіршілігі сол жол бойымен тығыз байланысты болғандықтан, қол қусырып қарап отыра алмай қолдарына күрек ұстап шыққан беттері. Онымен қалың қар бой берер емес. Аудан әкімдігі 23 шақырым автожолды жөндеп, асфальттауға қаражат бөледі деген сенімдемін.
Нұртай Текебаев,
Орал қаласы