52 адам өртеніп кеткен автобустан түрлі дыбыстар шығады
Күзетшілер Ақтөбе облысында өртеніп кеткен автобуста елес бар екенін айтады. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
52 адаммен бірге өртеніп кеткен автобустың қаңқасы осыдан 4-5 күн бұрын Ақтөбеге әкелінді. Көліктің сау тамтығы жоқ. Күзетшілердің айтуынша, бұл жерде түнімен адамның үніне ұқсас түрлі дыбыстар шығады екен.
Күзетшілер 52 адамның өмірін жалмаған автобусты елес кезіп жүргенін айтады.
«Жалынады, түнде сөйлейді, айқайлайды. Әруақ қалып қойған ғой ішінде. Түнде, бір-екілердің кезінде келіңіз, көресіз», — дейді күзетші.
Шымкенттен Қазанға жолға шығып, жолаушылармен бірге түгі қалмай жанып кеткен автобустың іші түгілі сыртына қараудың өзі қорқынышты. Қасына жақындағанда жаның түршігеді. Терезе-орындықтар, тіпті дөңгелекке дейін дым қалмаған. Тек қаңқасы ғана тұр. Күйіктің иісі әлі бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының өртенуі салдарынан 52 адам (барлығы Өзбекстан азаматы) қаза болып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.