52 адамның қазасынан соң қозғалыс басталды

Жолаушы тасымалдайтын компаниялардың жауапкершілігін арттыру керек. Ақтөбегі 52 адамның өмірін жалмаған  жантүршігерлік оқиғадан соң, әйтеуір бір депутаттың сауал жолдауға дәті барды. Оның өзінде дайындығы нашар болды ма, әзер оқып жеткізді. Сәрсенбі күнгі Мәжілістің жалпы отырысынан соң Құдайберген Ержан Үкімет басшысына халық қалаулыларының үнін жеткізді.

«Жолаушы тасымалдаушылар жаңалау былай тұрсын, жөндеу шығынында азайтып, ескі-құсқы көлігімен жолаушылардың өмірін қауіпке тігіп, тәуекелге бел буып  жолға шығады.  Ал  автобустар жолда апатқа ұшырағанда көбіне жүргізушіні айыпқа тартып жатады. Көлік компаниялары жауапкершіліктен басын алып қашады. Осындай жағдайды ескере отырып, транспорттық компаниялардың жауапкершілігін күшейту керек деп санаймыз. Республикалық, облыстық деңгейде жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырып, автокөлік құралдарының техникалық жағдайына қатаң талап қойып, көліктердің  қолдану мерзімін шектеп, тіпті, автобус жүргізушілердің денсаулығын тексеру шараларын   бақылауды күшейту қажет деп есептеймін», деді Құдайберген Ержан.

Мәжілісмен біраз дерек келтірді. Былтыр күзде Ақмола облысында қоғамдық көлік  жүргізушісінің жүрегі тоқтап қалса, Ресей аумағында қазақстандық автобус пойызбен соқтығысып, 18 адам қаза тапқан.  Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаевта қарап отырмай, жүргізушілерге кеңес айтты. Министр алыс жолға аттанарда  Шымкенттен шыққан  сұйық отынды емес, «дұрыс дизель құйыңдар» деп айды аспанға шығарды.

«Егер аязды күні көлік өшіп қалса, бұл отынның сапасыздығын білдірмейді. Дизельдік отынды климаттық жағдайға қарай қолдану керек. Егер жүргізуші Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шыққан дизельді сатып алса, мұндай отынды құйып 25 градустан төмен температурада,  әсіресе солтүстікке шықпауы керек. Сараңдық танытудың қажеті жоқ», дейді Энергетика министрі.

Тұтас автобус жолаушыларымен бірге жанып кеткенше көмектесе алмаған ақтөбелік мамандардың да айтар уәжі бар. Көліктік бақылау инспекциясынан  автобустарға тексеру жүргізетін құзыретті үш жыл бұрын алып тастапты. Тек Қалыбай ауылының маңындағы қайғылы оқиғадан соң бақылау инспекциясының  қызметкерлері  полициямен бірлесіп, Самара – Шымкент бағытындағы күре жолда  қалааралық, халықаралық автобустарды тексеру шараларын бастады. Техникалық жағдайынан бастап, барлық құжаттары қаралады.

«Соңғы кездегі жаңалыққа қатысты мемлекеттік органдармен арнайы шара басталды. Ол акцияның мақсаты жолаушы   тасымалдаушыларға  бақылауды күшейту. Техникалық бақылау, сақтандыру, басқа да құжаттарын тексеріп жатырмыз.  Қарапайым жолаушылардың аты-жөні жазылған арнайы журнал болу керектігінде білмейді» , деп қынжылды Ақтөбе облыстық көліктің бақылау инспекциясының жетекші маманы Сұлтан Мұсағалиев.

52 адамның қазасы Үкіметті де, барлық органдарды да ойландырған секілді. Тіпті, Бас прокурорда жолаушылардың қамын ойлап, қарамағындағыларға  тасымалдау саласын тексеріңдер деп тапсырма берді. Естеріңізге сала кетейік, 2018  жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы өртеніп, салдарынан 52 адам қаза болып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*