Басты жаңалықтарҚоғам
Қызылордада жалғызбасты анаға баспана берілді

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеке мәселелерімен келген тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға 20 адам жазылған, оның біреуі онлайн режимде қосылған. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік бағытта қолдау сұрап, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, көше асфальттау, жұмысқа орналастыруға қатысты мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы баспана заң аясында, кезектілік тәртібімен берілетінін баса айтты. Бүгінде халық сұранысы ескеріліп, өңірде көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Тұрғындарды үймен уақытша қамту жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бүгінгі қабылдауда төрт балалы жалғызбасты анаға осындай уақытша баспана ұсынылды.
Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының ақсақалдары Құмжарған каналын қазу қолға алынғанына, жұмыстың жолға қойылғанына алғысын жеткізді. Су арнасы егістік алқаптарын тіршілік нәрімен қамтуға, ауыл шаруашылығын дамытуға оң ықпал етпек.
Қазалы ауданының тұрғыны өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қатысты өтінішін айтқан. Облыс әкімі еңбекпен қамту назардан тыс қалмайтынын, заң аясында қарастырылатынын жеткізді.
Негізі қабылдауда көтерілген мәселелер заң тәртібімен және кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осы жолы да әрбір келушіні толғандырған түйткілге қатысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
А.Орынғали








