Қызылордалықтар депутаттарды ұйықтап отырып тыңдайды (видео)
Жаңа Жолдауға ескі көзқараспен қарауға болмайды. Саясаттанушы Әміржан Қосанов осылай дейді. Қоғам белсендісінің пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттауда жаңа тәсілді, ақпараттық-технологияның мүмкіндігін пайдалану қажет. Әйтпесе, ескі сарын жиналыстар халықты жалықтырды. Сондай-ақ, жаңа Жолдауды айта отырып, былтырғы Жолдаудың қалай орындалғаны бойынша депутаттар есеп беруі тиіс, дейді саясаттанушы. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:»Бывают дни, когда правительство проводит с участием акимов и их заместителей семь совещаний в день. Бакытжан, ты сам когда работаешь? Поэтому ничего не контролируется в стране. Только заседаете».
Жылына 100 тәулік жиналыста отырады біздің шенеуніктер. Мұны азайтыңдар деген тапсырма берді Президент. Бірақ өңірлерде алашапқын жиналыстар қайта басталды. Себебі, Парламент депутаттары келіп Жолдауды насихаттап жатыр. Сенаторлар мен мәжілісмендер Астанадан ат терлетіп жеткенде жергілікті әкімдіктегілер қалай тыныш отырсын.
ЖЕКСЕНБАЙ ДҮЙСЕБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Бұл жиналыс емес, кездесу. Жиналыстың тармағы бір бөлек. Кездесу бір бөлек. Мұны шатастыруға болмайды».
Жарайды, бұл кездесу. Бірақ кіммен кездесіп жатыр депутаттар? Залға жиналғандар кімдер? Бас қаладан халық қалаулыларының келгенінен жергілікті жұрт хабардар ма?
-Мәжіліс депутаттарының қатысуымен жиналыс өтіпті, хабарыңыз бар ма? – Жоқ
— Халықтың қал-жайын, әлеуметтік жағдайын сұрайтын шығар депутаттар. Бізден қандай көмек керек деп. –Сіз естідіңіз бе жиналыс жайында? – Естімедім шынын айтқанда.
-Айтса барамыз ғой.
Алматы облысында өткен бір кездесуге тек ат төбеліндей қариялар ғана жиналыпты. Депутаттың бір сөзін естісек, бір сөзін түсінбедік дейді ауыл тұрғындары.
МАРАТ МЕҢІСОВ, АҚСУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:»Мен өзім түсінгенім, естігенім, құлақта, көзде кетіп барады. Елбасының Жолдауын айтты. Мен Елбасының Жолдауын теледидардың түбінде отырып естігем. Бәрін жақсы білем».
Қазір ақпарат құралы жеткілікті, қала берді аудандық, облыстық, республикалық газет бар. Бәрі де Жолдауды жарыса жазуда. Халық, Елбасының әрбір тапсырмасын теледидардан мұқият тыңдап отырмыз, дейді.
ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ – САЯСАТТАНУШЫ:»Жолдаудың насихатталуы, елге түсіндірілуі ескі сарынмен келе жатқан сияқты. Тағы да залға адамдарды жинап, оларға үйреншікті сөздерді айту. Елбасынан артық не айтады олар».
Саясатанушының сөзінің дәлелі бұл. Ескі сарыннан жалыққан қызылордалықтар мүлгіп отыр Жолдауды насихаттаған жиналыста.
ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ – САЯСАТТАНУШЫ:»Қазір коммуникация, технологияның, соның ішінде компьютер, интернет, әлеуметтік желі бар. Мүмкіндіктер өте көп. Сондықтан кез-келген шенеунік Астанада отырып-ақ, өзінің Жолдау туралы айтқысы келген инновациялық ойы болса, бір жаңалығы болса, есебі болса сол арқылы айтуға болады. Меніңше жаңа Жолдауға ескі көзқараспен қарауға болмайды».
ЖЕКСЕНБАЙ ДҮЙСЕБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Халық қалай түсініп жатыр, қандай түсінбейтін жерлері бар, соларды түсіндіру».
Жолдау елге түсінікті тілде айтылады. Оны түсіндіру дегенді қалай түсінуге болады?! Сондықтан экс-комсомолдықтарға алдымен Жолдауды насихаттаудың жаңа форматын көрсету керек емес пе деген ой келеді.