Президент Жамбыл жұртына алғыс айтты

«Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені!» Жамбылды аралаған соң жұртшылықпен жүздескен Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарға алғыс айтты. Президент биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» екенін атап өтіп, өңір азаматтарының ел дамуына қосқан үлесі қашан да елеулі болғанын жеткізді.
«Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Президент.
Тараз — ежелгі өркениеттің ізі қалған қасиетті мекен. Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен көші жаңа заманда да жаңа қарқынмен дамып келеді, — деді Президент. Сондықтан өңірдің ары қарай өркендеуіне ерекше мән берілетінін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбылдан шыққан жауынгер-жазушы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ақжолтай жаңалықты жеткізді.
«Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа да Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды. Оған қоса, дәл осындай білім ордалар барлық аймақта бой көтеруі тиіс, — деп Үкіметке міндет жүктеді.
А.Орынғали
ФОТО: akorda.kz





