60 гитаршы Табылдының ескерткішіне жиналды

Атырау облысы Индер кентінде Табылды Досымовтың 60 жылдығына орай 60 гитаршы жиналып, бард ақынның әндерін шырқады. Осы бір тамаша көрініс қазір әлеуметтік желіге тарап, өнер сүйер қауымның ықыласына бөленді.
adebiportal.kz порталындағы мәлімет бойынша Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Индербор кентінде дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне тамамдаған. 1983-1985 жылдар арасында Германия жерінде әскери борышын өтеп, оқуын қайта жалғастырған сәтте, 1986 жылғы қаһарлы Желтоқсан көтерілісіне қатынасушы ретінде оқудан шығарылған. Сол кезеңде туған жерге оралып, аудандық мәдениет үйінде әдіскер, №5 жылжымалы клуб меңгерушісі болып жұмыс жасаған. 1988-1990 жылдары қайтадан университеттегі оқуын жалғастырып, журналист мамандығын алып шығады. 1990 жылғы 8 тамыздан Гурьев облыстық теле-радио комитетінде редактор, 1992 жылы Атырау облыстық филармониясында «Желтоқсан жебесі» атты жас дарындар тобының жетекшісі, әншісі, 1990-1993 жылдары Индер аудандық тіл басқармасының бас маманы, 1996-1999 жылдары Атырау облыстық мәдениет басқармасының Индер ауданы Махамбет атындағы қордың директоры қызметін, 2000 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып жұмыс жасады. Талантты бард-әнші 2010 жылы 18 қазан күні 46 жасқа қараған шағында өмірден озды.
А.Нәби


