АймақБасты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде Данияның сиырлары жүр (видео)

 «Айс» ЖШС 800 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасына Дания мемлекетінен 330 бас голштин-фриз тұқымды асылтұқымды сиыр әкелді. Тағы 470 бас мал жыл соңына дейін жеткізіледі.
Бұл жоба  Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмасы аясында  жүзеге асып отыр.
Жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,25 млрд теңге мөлшерінде 2,5% жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылды.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа мал партиясы — жаңа ферма кешенін толық жабдықтау үдерісінің бір бөлігі. Ферма құрылысы биыл аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Кешен жылына 10 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы.
Жаңа жобаны іске асыру нәтижесінде 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өкілдері атап өткендей, асылтұқымды сиырларды әкелу өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, жергілікті сүт өндірісін ұлғайтуға айтарлықтай үлес қоспақ.
 «Айс» ЖШС 2010 жылдан бері Мәртөк ауданының Саржансай ауылында жұмыс істеп келеді. Қазір шаруашылықта 2977 бас ірі қара бар, соның ішінде 1000 сиырдан тәулігіне 37,8 тонна сүт сауылады. Әр мал  орта есеппен тәулігіне 36,6 литр өнім береді.
Биыл кәсіпорын жем-шөп базасын нығайту мақсатында 2690 гектар алқапқа жүгері, арпа, қарабидай және шөп дақылдарын еккен.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз

Басқа материалдар

Back to top button