Есінен адасқан қазақстандық әйел Түркияда жүр
ҚР Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда есінен адасқан Қазақстан азаматына қатысты мән-жайды анықтап жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Фэйсбук желісінде Ыстанбұл әуежайында есін жоғалтқан Қазақстаннның азаматшасы туралы ақпарат тараған болатын.
«Мен оны 11 маусым күні сағат таңғы 9-да Түркияның әуежайында (Ыстанбұл қаласы) кезіктірдім. Ол өзін біртүрлі сезінді, түсінгенімдей, бір жағдайға душар болып, есін жоғалтқан. Оған көмектесуге тырысып, ұшаққа отыратын билетін сұрағанымызда ұшағы сағат 01:00-де аттанып кеткенін көрдік, яғни жүгі ұшып кеткен, ал өзі Ыстанбұлда қалып қойған. Ыстанбұлдан Бішкекке жол жүрмекші болған. Негізінде ол — Қазақстанның азаматшасы», — деп жазды Serhiy Bryashchey есімді азамат. Оның айтуынша, отбасымен әуежайдағы қауіпсіздік қызметіне барып, келіншекке көмектесуге өтінген соң, оны жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға алып кеткен. Serhiy Bryashchey әлеуметтік желі қолданушыларынан бейтаныс әйелдің туыстары немесе таныстары шығып қалар деген үмітпен жазбасымен бөлісуді сұрады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның бас консулы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әуежайға аттанды. Консулдық өкілдері әйел адамның аты-жөнін анықтағаннан кейін оқиғаның егжей-тегжейін баяндап беруге уәде етті.