Қазақша жауап бермейтін мемлекеттік қызметкерлер депутат Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді.
Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Бақытжан Әбдірайым шенеуніктерге өкпесін айтты. Жиында депутаттар тарапынан қойылған қазақша 12 сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап қайтарылған. Әсіресе, әкімдердің орынбасарлары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің осындай әрекеті депутаттың намысына тиген.
Елбасының сөзін мысалға келтірген Бақытжан Әбдірайым енді Мәжіліске келетін Үкімет мүшелерінің қазақша қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап беруін талап етті.
«Бүгінгі біздің талқылап жатқан тақырыптың өте маңызды әрі өзекті екені белгілі. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер! Сондықтан бұл жайт менің көңіліме, намысыма қатты тиді. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі, яғни мемлекеттік тілде қойылған 12 сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берілді. Кім жауап берді? Мына жерде отырған әкімнің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Халықпен жұмыс істейді. Олар қазақ тілінде жауап бермесе, онда қалай болмақ? Екіншіден, Елбасы кеше ғана өзінің мақаласында тікелей айтып кетті ғой, мемлекеттік тілді құрметтеу тәуелсіздікті құрметтеу деп. Депутат Маггерамов мырза таза қазақ тілінде оқыды, біздің Снежана Имашева деген қарындасымыз қазақ тілінде сөйлейді, ал Шиповских бізден жақсы қазақ тілін меңгерген. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын», — деді Бақытжан Әбдірайым.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліске келген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутат Геннадий Шиповскихтің қазақша сұрағына орыс тілінде жауап беріп, масқара болып еді.