Шардаралық түлектер ауылдастарын қуантты

Шардара ауданында игі шаралар жалғасын табуда. Бұған дейін Қоссейіт ауылдық округіндегі “Сырдария” жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері ауыл тұрғынына үш бөлмелі үйдің кілтін табыстаған болатын. Енді Шардара қаласына қарасты Өтеғұл елді мекені мен Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің 20 жыл бұрынғы мектеп түлектері мұқтаж отбасыларға баспана сыйлады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
1987-1988 жылы туған азаматтар ауыл тұрғыны Анарбек Айжановқа 7 бөлмелі тұрғын үйдің кілтін табыстаса, өтеғұлдық түлектер 4 бөлмелі баспананы мұқтаж ауыл азаматына сыйға тартты. Сауабы мол шараларға өңірдің құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары арнайы қатысып, үйлі болған жандарға жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар, игі іске мұрындық болған түлектерге алғысын айтып, ақ баталарын берді.
А. Орынғали






