Депутат қазақ тілін менсінбейтін футбол бапкеріне шүйлікті
«Черчесовке қақпамызға кірген әр гол үшін 80 млн теңге төлеп отырмыз». Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Исаны қазақ футболының жағдайы алаңдатты. Атқамінер жақында ғана тағайындалған ұлттық құраманың бас бапкеріне шүйлікті. Айтуынша, шетелдік маман алып жатқан айлығын еш ақтап жатқан жоқ. Ал футболымыз мүлдем артта қалып кеткен. Аяқдопқа қанша қаражат құйылса да еш нәтиже жоқ, керісінше жемқорлық артып жатыр. Еліміз FIFA рейтингісі бойынша 110-130-орындардан аспаған. Ал «келісілген ойындар» саны бойынша әлемдік рейтингте 4-орында тұр. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
«Төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп, ойсырай жеңілген, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері С.Черчесовке біздің Ә.Бәрменқұлов басқаратын Қазақстан футбол федерациясы 640 млн тг төлейді дейді. Осы 640 млн теңгені 8 голға бөлейік. Сонда біз пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке қарсыластың емес, біздің ұлттық құраманың қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз»,- деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Енді бұл олқылықты жою үшін депутат «Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі бірлесіп, барлық спорт федерациясы мен кәсіби спорт клубтарына тексеріс жүргізу керек»,- дейді.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз