Әскерге барғанына 10 күн болған сарбаз қайтыс болды (видео)
12 сәуір күні әскерге кеткен маңғыстаулық Әлібек Қалбай арада 10 күн өткенде қайтыс болған. Әскери бөлім сарбаздың қазасын сапта тұрғанда құлауымен түсіндірген.
Туыстарының айтуынша, сарбаздың өліміне әскердегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Экспресс К.
Осыдан 10 күн бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздың туыстары оның өлімі туралы мәлімдеді. Марқұмның жеңгесі Динара Кеңесованың айтуынша, сарбаз өз ажалынан өлуі мүмкін емес.
«Бізге бала өлімін әскери бөлімде сапта тұрғанда талып құлауымен байланыстырды. Сол кезде миына қан кетіп, өмірден өтті дейді. Қасындағы балалардан сұрадық. Тіпті, әкесіне әскери бөлім командирі марқұммен бірге барған сарбаздарға телефон соқтырған. «Сіздің балаңызды ешкім ұрған жоқ. Аға, уайымдамаңыз, Әлібек сапта тұрған жерінде қайтыс болды» деп айтып отыр. Бұл мүмкін нәрсе ме? Мәйітханаға барғанда денесінен баланы ұрып-соққанын көрдік. Ол туралы сараптама шарты бойынша кейін қосымша айтамыз. Ертең тәуелсіз сараптама жасатамыз. Ішкі істер министрлігі, Парламентке тағы да басқа құзырлы органдарға шағымданамыз», — деді Динара Кеңесова.
Әлібек Қалбай 12 сәуірде Ақтаудағы әскери комиссариаттан әскерге аттанған. Бір күн өтпей жатып, анасынан 5 мың теңге ақша сұратуы да күмән тудырып отыр.
«12 сәуірде оларды Ақтауда әскери бөлімде алып қалып, ертеңінде Алматыға алып кетті. Сол күні кеште анасына телефон соғып, дәріге 5 мың теңге керек деп сұратты. Асқазанға деген дәрінің ақшасын шешісі біреудің шотына аударды. Ол жағы да жұмбақ күйінде қалды», — деді Динара Кеңесова.
Марқұмның туыстары өлімнің себебін анықтау үшін бәріне баруға дайын. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі ақпараттың кейінірек беретінін жеткізді. Экспресс К бұған дейін Ақтаудан әскерге аттанған Әлібек Қалбай туралы жазды. Әзірге ресми түрде сарбаз өлімінің себебі айтылған жоқ.
ФОТО:Ашық дереккөз